15Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНДЕ

Бейсенбі, 28 Шілде 2016 14:05

 

Соңғы жылдары елімізде көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп, азаматтар ұзақ жылдар бой армандаған баспаналарына қол жеткізіп жатыр. Құрылыстың қарқын алуына Елбасының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор. Осы орайда өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Самрұқ-Қазына ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы І. Есенберлин даңғылы бойындағы коммерциялық көппәтерлі құрылыс кешенінің жай-күйімен танысты.

Қаланың экологиялық таза аумағынан салынған бұл көпқабатты тұрғын үйлердің бәрі «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында бой көтеріпті. 2014 жылдың желтоқсан айында іргесі қаланған 9 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үйдің барлығы да пайдаланылуға беруге әзір тұр деуге болады. «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқармасының төрағасы Бауыржан Мамыталиевтің айтуынша, тіпті алғашқы 33 адам тұрғын үй кешеніндегі өз пәтерлерін көріп, сапасына көңілдері толып, ризашылықтарын да білдіріпті. Тұрғын үйлердің құрылысын «ВК Техногрупп» ЖШС жүргізген. Үй құрылысына негізінен жеңіл әрі мықты полистиролбетонды панельдер пайдаланылыпты. Бауыржан Мамыталиев мұндай құрылыс материалының Шығыс Қазақстанда алғаш рет пайдаланылып отырғанын да жасырған жоқ. Сапасы жағынан кірпіштен жоғары болмаса, әсте кем түспейтін көрінеді. Шығыстың қаһарлы қысына да шыдамды. Қоныстанушылардың барлығы да пәтерлерді болашақта сатып алу құқығымен жалға алады. Келісім 15 жылға жасалады.

¬- Салынған үйлердің сапасы өте жоғары. Қоныстанушылар риза болады деп ойлаймын, - дейді ВК Техногрупп» ЖШС-нің бас инженері Исмаил Алиев.
Бір атап айтарлығы, аталған құрылыс компаниясы жақында қаланың сол жағалау бөлігіндегі Жібек жолы көшесінің бойында «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы тағы да үш жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын қолға алыпты.

- Елбасының тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Соның бір бағыты – осы тұрғын үй құрылысын жүргізу. Бүгін біз Өскемендегі жаңа ықшам ауданда бой көтерген тұрғын үй кешенімен таныстық. 9 көппәтерлі үй дайын тұр. Бұл үйлердің барлығы кезінде Ұлттық қордан бөлінген қаржыға тұрғызылған. Ұлттық қордан 97 миллиард теңге бөлінсе, соның 8 милрд. теңгесі осы Өскеменге бөлінген болатын. Қазір «Самрұқ-Қазына» АҚ қолдауымен Қарағанды, Атырау, Астана мен Алматы қалаларында да осындай шағын аудандар бой көтеруде. Бұл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің барлығы да жалға беріледі. Әрине, қаланың өзге аудандарымен салыстырғанда бұл жердегі пәтерлердің бағасы да жоғары болмақ. Өйткені, өздеріңіз көріп тұрғандай, шағын ауданның ауасы таза. Осы орайда экологиялық таза аумақтан бізге жер бөлгені үшін Өскемен қаласы әкімшілігіне үлкен рахметімді айтамын, - деді журналистерге берген сұхбатында «Самрұқ-Қазына ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

«Самрұқ-Қазына» АҚ құрылысқа қаржы бөліп, қолдау көрсеткенімен, пәтерлерді бөлу тетігі жергілікті әкімшіліктің құзырында екен. Десе де пәтерлер ең алдымен баспана кезегінде тұрғандарға берілетін көрінеді.

Мен «Тұрғын үй жинақ» банкінің салымшысымын. Пәтерге қол жеткізу үшін үш жыл бойы қаржы жинадық. Арманым орындалды. Жаңадан салынған осы тұрғын үйден үш бөлмелі пәтерге ие болып жатырмын. Алатын пәтерімді көрдім. Қатты ұнады. Қуанышымда шек жоқ, - дейді қала тұрғыны Әлия Манарбекова.

Алдағы уақытта осынау тұрғын кешенінің аумағы абаттандырылып, жасыл желекке де бөленбек. Сөйтіп, тамыз айынан бастап-ақ мұндағы пәтерлер өз иелерін тауып, қоныс тойы жиілейтін болады.

217 рет қаралды

Пікір жазу