16Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕГЕН ЖӨН

Жұма, 29 Шілде 2016 17:19

 

Өскеменде облыс кәсіпкерлерінің форумы өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Облыстық азаматтық Альянсы бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Мемлекеттік қызмет істері Министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк қатысты.

дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесі көрсеткендей, ел экономикасын көтерудің бірден-бір тетігі болып табылатын шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың маңызы зор. Бүгінде өңіріміздегі кәсіпкерлік саласында ауыз толтырып айтарлық жетістіктермен қатар, түрлі деңгейдегі заңбұзушылықтар мен әкімшілік кедергілер де бар екендігі жасырын емес.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтың айтуынша, 2015 жылы аталған департаменттің лауазымды тұлғаларына пара бермек болған екі факт әшкереленген. Мәселен, Семей қаласындағы мемлекеттік кірістер басқармасының лауазымды тұлғасына пара ұсынған кәсіпкер сотқа тартылып, 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынса, Өскемендегі басқарма қызметкеріне пара бермек болған кәсіпкер қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты жауапқа тартылмаған. Департаментте үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған брифинг, дөңгелек үстел, семинар түрінде 168 іс-шара жүргізіліпті. Сондай-ақ, сенім телефоны да жұмыс істейді.

Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау төңірегінде баяндаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиевтың сөзіне қарағанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жұзеге асыру кезеңінде 20 млрд. теңгенің салығы төленіп, 371 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 12 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 6800 адамға шағын несие беруге 15,7 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде 5200 адам өз кәсібін ашса, 1600 тұрғын кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. Аталған бағдарламаның арқасында 7800 қосымша жұмыс орыны ашылды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде соңғы үш жыл көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпорындар саны 1900-ге артса, жеке кәсіпкерлер саны 8200-ге көбейген. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 73 млрд. теңгеге өсіп отыр. Тек 2015 жылы ғана шағын кәсіпкерлік саласында 11200 жаңа жұмыс орыны ашылған. Өсу қарқыны биыл да жалғасын табуда. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда биылғы алты айда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 657-ге артқан.

Мемлекеттің қолдауынсыз бизнестің дамуы да мүмкін емес. Бүгінде өңірімізде кәсіпкерлер палатасы, ағаш өңдеу өнеркәсібі, автотасымалдаушылар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші кәсіпорындар сынды салалық ассоциациялар, сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер кәсіподағы жұмыс істейді. 2014 жылы өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарында әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі аймақтық жұмыс топтары құрылған. Кәсіпкерлер палатасы филиалдарының, сондай-ақ, жер қатынастары, сәулет-құрылыс және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған барлық мәселелерді аталған жұмыс тобы аясында бірлесіп шешеді. Биылғы жартыжылдықта аймақтық жұмыс топтарының 76 отырысы өтіп, онда кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет көрсету, өндіріс орындарына электр жарығын қосу, кедендік құжаттарды рәсімдеу сияқты жиі кездесетін мәселелер қаралып, тиісті шешімдерін тапқан.

Кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету жобасы аясында сервистік компаниялар мен кәсіпкерлер палатасы 7600 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 15400 сервистік қызмет көрсеткен. Кәсіпкерлерге «бір терезе» бойынша ақпараттық және консалтингтік қолдау көрсету үшін Семей мен Өскемен қалаларында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылған. Өңіріміздегі 17 ауданда 19 кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істейді (Жарма және Зырян аудандарында екіден).

Форум барысында «Востокагропромпроект» ЖШС директоры Марат Үрынтаев «Әсіресе, құрылыс саласында мемлекеттік сатып алу тендерлеріне қатысуға өтініш бергенде негізсіз бас тартулар жиі кездеседі. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында да лицензия алу екі аптаға созылады. Атқарушы органдарға кіру қиын. Осындай әкімшілік кедергілерді жоюға болмас па екен?» деп, кәсіпкерлердің көкейінде жүрген сауалды қойды. Бұл сауалға мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыстық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов: - Сервистік қызмет тек кәсіпкер үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызды. Біз, мемлекеттік қызметшілер, салық төлеушілердің, яғни сіздердің арқаларыңызда қызмет етіп отырмыз. Сондықтан біз халыққа қызмет етуге тиіспіз, бұл біздің тікелей міндетіміз. Мемлекетіміз жақын болашақта дамыған елу елдің қатарына ену үшін мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдері бірлесіп, жұмыла жұмыс істеуге тиіспіз. Форумда көтерілген бір де бір сауал жауапсыз қалмайды, ал айтылған мәселелер тиісті органдар арқылы шешілетін болады,-деді.

200 рет қаралды

Пікір жазу