"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АУЫЛ КӨШЕЛЕРІНЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛІП ЖАТЫР

Бейсенбі, 04 Тамыз 2016 18:09

 

Негізінен күре жолдарға аса мән беріліп, ауылдағы көшелердің назардан тыс қалып жататыны шындық. Алайда, ШҚО Көкпекті ауданының басшылығы жергілікті жолдарды жөндеу ісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Айталық, бұған дейін мүлдем асфальт болмаған көшелерге асфальт төселіп, ауылдарға қатынайтын жолдар қалыпқа келтірілуде.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Көкпекті ауылындағы орталық көшелердің бірі – Әбішев көшесі 29 миллион теңгеге орташа жөнделіп жатыр. Мердігер ұйым – «Көкпекті жолдары» ЖШС жұмыстарға мамырдың аяғында кіріскен, аяқталу мерзімі жоспарға сәйкес шілде айы болса да негізгі шаруалар мерзімінен бұрын тәмамдалыпты. Ұзындығы 1 шақырымнан сәл асатын бұл көшенің тұрғындары атқарылған іске дән риза.

– Бұрын бұл көшеде асфальт болмаған. Жаңбыр жауса, езіліп, ыңғайсыздық туғызатын. Қазір көріп отырсыздар, көшеміз түрленіп шыға келді. Түп-түзу жаңа асфальт төселді. Осы қарқынмен алдағы уақытта ауылымыздың орталық көшелері толық асфальтталып шығатын шығар деп үміттенеміз, – дейді бізге осы көшенің тұрғыны Асығат Сәдубаев ақсақал.

Аталмыш көшені жөндеу жұмыстарына бағдарлама аясында 6 адам тартылып, еңбек еткен екен. Сонымен қатар, биыл осы ауылдағы келесі бір негізгі көше – 1 шақырымдық Ырғызбаев көшесіне жергілікті бюджеттен 26 миллион теңге сомасында қаражат бөлініп, орташа жөндеу жүргізілген. Жұмыстың сапасын арнайы комиссия тексеруден өткізіпті, енді мемлекеттік комиссия қабылдайтын болады.

– Біз аталғын көшелердің беткі қабатын 40-50 см жоғары көтердік. Бұрындары бұл жолдар ойқыш-ұйқыш болатын, автокөлік иелеріне де, жаяу жүргіншілерге де кедергі келтіретін, қазір көріп отырғандарыңыздай, жағдай мүлдем басқаша, жұрт та атқарылған іске ырза. Осы ретте мен бұл көшелерде ешқашан асфальт болмағанын атап өткім келеді, – дейді аудандық сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Тоғысов.

Келер жылы жоспар бойынша аудан орталығында жаңадан жаяу жүргіншілер жолдары салынып, автобекет алдындағы алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.

Сондай-ақ, осы жылы аудандағы Преображенка – Шұғылбай автожолының 6 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұрын бұл жолдағы шұңқырлардың тереңдігі 10-15 сантиметрге дейін жететін. Сондай-ақ, Самар ауылындағы Киров көшесіне биыл 24 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер - «ДСУ-14» ЖШС жұмыстарын тәмамдап та қойды. Енді қабылдау комиссиясының шешімі ғана қалды.

Жол жөндеуші мердігер кәсіпорын конкурсты жеңіп, тапсырысты алған соң атқарылған орташа жөндеуге заң бойынша 3 жыл мерзімге, ал ағымдағы жөндеуге 1 жылдық кепілдік береді. Оны тапсырыс беруші, яғни, аудандық автомобильдер жолдары бөлімі тексеріп отырады.

– Биыл аудан әкімінің мұрындық болуымен жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге қаражат бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын ауыл көшелеріне асфальт төсеп жатырмыз. Алдағы уақытта Самар – Мариногорка – Жұмба жолында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады, мердігері – «ДСУ-14» ЖШС, одан кейін Палатцы – Қараш – Қарақол деген аудандық маңызы бар жол жөнделеді, – дейді Нұржан Құмарбекұлы.

Осы орайда атап өтерлік бір жайт, 2017 жылдан Көкпекті ауданының аумағымен де өтетін республикалық Қалбатау – Майқапшағай күре жолының құрылысы басталады. Аталмыш трасса қазіргі халықаралық стандарттарға сәйкес салынатын болады. Бұл жолдың құрылысы аудандағы көлік қатынасының сапасына және қарқынына игі әсерін тигізері сөзсіз.

169 рет қаралды

Пікір жазу