19Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ТҰРҒЫНДАРЫ «ТӘУЕЛСІЗДІК» ТАУ ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРДЫ

Дүйсенбі, 19 Қыркүйек 2016 10:29

 

«Бұл – біздің таулар!». Осындай атаумен Төлеби ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында таулар фестивалі болып өтті. Мақсат - ішкі туризмнің дамуына ықпал ету, облыстың туристік әлеуетін көтеруге күш салу.

2 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шара бұрынғыдан өзгерек. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының  жылымен сәйкес келген фестиваль биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келді. Ерекшелік көп. Фестивальға ОҚО кәсіпкерлік, индустириялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев және облыс тұрғындары мен қонақтары, блогерлер және БАҚ өкілдері, дені - студенттер мен белсенді жастар қатысты.

Марат Қарабаев, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық және туризм басқармасының басшысы: «Біздің өткізіп жатқан іс-шарамыз өте көп. Тек қана өңірлік, республикалық деңгейде емес, әлемдік деңгейде шаралар өткізіп жатырмыз. Біздегі статистика әр жылдың соңында шығады. 2016 жылдың соңына дейін Оңтүстікке 1 млн. 200 адам келеді деп жоспарлап отырмыз».

Іс-шараға қатысушылар Өгем тау жотасының шығысы жағында орналасқан «Тәуелсіздік» шыңын бағындырумен қатар, суретшілердің сайысына да қатысты. Арнайы жол көрсетушілермен тауға шыққан жастар 2200 метр биіктікті бағындырып, өз алдарына рекорд жаңартты.

Туристік шара аясында қатысушылар таза ауамен тыныстап, шырқау шабытпен «Сайрам-Өгем» келбетін қағаз бетіне түсірді. Ал, зау биікке аңсары ауып тұратын жастар тауға шығып, туған жер табиғатының әсемдігіне тамсанды. 

 

 

Берік Сабыр, М.Әуезов атындағы оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті: «Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар үшін керемет бастама. Таза ауада тынығып, серігіп қалдық. Өте керемет күн, тамаша сәт болды. Негізгі қазақта «Биікке шыққан сайын тынысың ашылады»,- деген керемет сөз бар. Тынысымыз ашылып, таза ауаның жұпарымен тыныстадық. Күніміз белсенді жастармен қызықты өтуде».

Фестивальде ең тамаша еңбек иелері арнайы сертификатқа ие болды. Шарада жас суретші Бақытжан Темірханның «Табиғат кереметі» туындысы  үздік деп танылды.

Бақытжан Темірхан, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенті: «Бүгін тамаша көңіл-күйде болғаннан кейін жақсы ниетпен салдым. Бар ынтамды осы туындыма арнадым. Керемет екен.Мен табиғат аясында бірінші рет сурет салып тұрмын. Тамаша әсер алдым. Мен өте қуаныштымын,бүгінгі жүлдеме рақмет айтамын.

Оңтүстік туризмін насихаттайтын шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Бұл – біздің таулар!». Бірлікке үндеп, биікке шақырады.

Бұдан бөлек, “Bal Tekstil” кілем тоқыма фабрикасының демеушілігімен «Біз туризм және экологиямен біргеміз» қайырымдылық шарасы өткізілді. Аталған шара қоғамдағы өзекті мәселе - ата-ана қамқорлығынан айырылған жандарға арналды. Фестиваль қорытындысы бойынша белсенді жастар мен суретшілер марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

296 рет қаралды

Пікір жазу