"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

КЕПІЛДЕМЕНІҢ 85 ПАЙЫЗЫ «ДАМУ» ҚОРЫНАН – 15 ПАЙЫЗЫ ӨЗІҢІЗДЕН

Дүйсенбі, 19 Қыркүйек 2016 10:39

 

ОҚО-да кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнестің дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп, қаржыландыру тетіктері жеңілдетілуде. Соның бірі жасы 50-ден асқан азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Олар өз жобасының өміршеңдігін дәлелдей алса, «Даму» қорының облысымыздағы өкілдігі арқылы 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз несие ала алады.

Бүгінгі ашық есік күнінде  мамандар кәсіпкер болғысы келетін, алайда жұмысын неден бастарын білмей жүрген тұрғындарға түрлі кеңестер берді.

Сабыржан Исақовтың айтуынша екінші деңгейлі банктер ауыл тұрғындарының қомақты мүлкінің жоқтығынан несие бермейді. Осындайда еңсесі түскен еңбек адамына «Даму» қоры дем береді. Кепілдеменің 85 пайызын өз мойнына алады. Талапшыл кәсіпкер тек 15 пайызын тапса болғаны...

Сабыржан Исақов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның ОҚО филиалы құзыретті арттыру бағдарламалары жөніндегі менеджері: « Біз несиені кепілдендіріп қана қоймай, оны субсидиялауға да көмек береміз. Мәселен, банк 19 пайызбен несие береді. Бірақ оның барлығын кәсіпкер өзі төлемейді. Себебі 7%-ын  Даму қоры субсидиялайды».

Енді жас кәсіпкерлерге келсек..  «Дамудың» «Start Up» деп аталатын жобасы ісін жаңадан бастаған, ешқашан несие алмаған, кәсібі жоқ адамдарға несие беруге бағытталған. Бұл жоба бойынша кәсіпкер несие құнының 36 пайызын өзі табуы керек.  Мәселен 1 миллион теңге несие алатын болса, оның қолында 360 мың теңге болуға тиіс. Ол аталған қаржысын банкке депозитке салады,. Қалған 64 пайызына «Даму» қоры кепілдеме береді.

Ақбөпе Көшербаева, «Халық банкі» АҚ ОҚО филиалының бөлім басшысы: «Кәсіпкер несиені толықтай өтеген соң банк 36 пайыз көлеміндегі депозитін кәсіпкердің шотына қайтадан аударып береді. Бұл жобаға қатысудың бір талабы - кәсіпкер «Бизнес-кеңесші» оқыту курстарына қатысып, сертификат алған болуы керек».

Дана Сабирова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен ұн тағамдарын шығаратын кондитерлік цех ашу үшін несие алғым келеді. Бүгін банк қызметкерлері өз кеңестерін берді. Айтуларынша бизнес-жоспар керек. Бір қуантарлығы Даму қоры барынша көмек берудің жолдарын түсіндірді».

Айта кетейік, биыл облысымызда жалпы құны 958 миллион теңге болатын 19 жобаға «Даму» қорының кепілдемесі берілген. Алайда аталған мекеме тек екінші деңгейлі банктер мақұлдаған жобаларға ғана көмектесе алады.

363 рет қаралды

Пікір жазу