"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЗАЙСАНННАН ШЫҒАТЫН ТРАКТОРЛАРДЫҢ САПАСЫ ЖОҒАРЫ

Жұма, 26 Тамыз 2016 12:57

 

Бүгін аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Зайсан ауданында болып қайтты. Облыс әкімі Шілікті қорғандарында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысып, «Восток» шаруа қожалығының көкөніс алқабында, «Восток Балық Продукт» серіктестігінің балық зауытында, «Ертіс ТЗ» ЖШС-де және өзге де бірқатар әлеуметтік нысандарда болды.

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен өңірде 2016-2018 жылдарға арналған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы қолға алынған-ды. Осы бағдарлама аясында мамыр айынан бері Шілікті сақ қорғандарында профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен қырық шақты адамнан құралған ғылыми топ қазба жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, Шілікті мен Тасбастау ауылдарының ортасында жатқан ең үлкен №16 қорғандағы зерттеу жұмыстары нәтижелі. Биіктігі 8,6, ал ені 88 метрді құрайтын аталмыш қорғаннан алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар табылып отыр.

– Біз қорғаннан екі адамның сүйегімен қатар үш жүзден астам алтын моншақ түйіршектерін, грифон бейнеленген және ромб пішіндес әшекей бұйымдарын таптық. Бұл патша қорғанын біздің дәуірімізге дейінгі 7 ғасырға жатқызып отырмыз. Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ, алдағы уақытта тағы да жәдігерлер табылып қалар деген үміттеміз, – деді өз жұмыстары туралы Әбдеш Төлеубаев.

Өкінішке қарай, қорған бұрынғы замандары тоналған болып шықты. Көлемді бұйымдар сол кезде қолды болса керек.

– Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі өте зор. Бұл – еліміздің көне тарихын зерделеуге қосылған қомақты үлес, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жасалып отырған таңғажайып тарту. Мұнда табылып отырған бірегей алтын заттар сол замандары ата-бабаларымыздың зергерлік өнердің шыңына жеткенін дәлелдейді. Туристерді тарту мақсатында бұл обаның үстін металл конструкциялармен жабу керек. Берелдегі қорғанға салынып жатқан саркофаг секілді. Оның жобасын тездетіп әзірлеуге тапсырма беремін, – деді зерттеу жұмыстарымен және табылған зергерлік бұйымдармен жете танысқан аймақ басшысы.

Бұдан соң облыс әкімі Кеңсай ауылдық округінде орналасқан «Восток» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Шаруашылық жетекшісі Яков Ли осындағы 40 гектар жерге көкөніс пен картоп өсіруді 2004 жылы бастапты. Биыл өнім мол. Оларды негізінен Зайсанның сауда нүктелері мен Өскемен қаласындағы «Дина» базарына толайым бағамен өткізеді. Тұрақты еңбек ететін 45 жұмысшының орташа айлықтары 45 мың теңге шамасында.

Шаруашылық жұмысына оң баға берген аймақ басшысы кәсіпкерге мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларды пайдаланып, заманауи американдық техникаларды алуға кеңес берді. Өйткені, қожалық жетекшісі көкөніс алқабын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Қарабұлақ ауылдық округіндегі «Балық Продукт Восток» серіктестігінде былтыр болған аймақ басшысы қаңтарылып тұрған өндірісті жандандырып, зауыт ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Бүгінде аталмыш міндеттер орындалып, зауыт іске кіріскен. Ендігі мәселе - өңдеуге қажетті балық табу. Облыс әкімі мән-жайды бағамдап, алдағы уақытта осы кәсіпорынмен жұмыс істейтін балықшыларға 400-500 тонна балық аулауға лимит бөлінетінін жеткізді. Сол кезде кәсіпорын толық қуатына енеді, бұл – тәулігіне 6 тонна. Қазір мұнда 30 шақты адам еңбек етуде. Дайын өнімді экспортқа шығару көзделіп отыр.

М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатына аялдаған Даниал АХМЕТОВ оқу ордасының спорт залын, асханасын, кабинеттерін аралап көрді. Екі жыл бұрын қолданысқа берілген ғимарат 600 оқушыға шақталған, жатақханасындағы орын саны – 300. Сырты да, іші де көзтартар әдемі нысан. Алайда, интернаттағы орындар тек жартылай ғана толыпты. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің мектептегі нәтижесі де көңіл көншітпейді – 78 балл, ал облыстық деңгей – 82 балл. Сондықтан аймақ басшысы түрлі бейіндегі, мәселен спорттық сыныптар ашу арқылы оқушыларды тартуды, білім сапасын арттыруға баса күш салуды міндеттеді. Сондай-ақ, ғимараттың қазандығын қатты отыннан газға ауыстыру жоспарлануда. Бұл қаржыны айтарлықтай үнемдеуге септеседі.

Мұнымен қоса, сапар барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша салынған 60 пәтерлік екі үйде және Абай саябағында болды. Боқажанов көшесінде орналасқан үшқабатты ғимараттарды «Элхонқұрылыс» және «Тегісшіл» серіктестіктері салып шыққан. Кірпіштен қаланған еңселі үйлердің пәтерлерін аралап, көріп шыққан аймақ басшысы олардың сапасына жоғары баға берді. 

 

 

Келесі кезекте аймақ басшысы ат басын былтыр құрылған «Ертіс ТЗ» кәсіпорнына тіреді. Аталмыш зауыт қытайлық ауылшаруашылық тракторларын, өзге де техникаларын, сонымен қатар мотоциклдерді құрастырумен айналысады. Бұл арадан шығатын шағын «Ертіс» тракторларының құны 800 мың теңге, ал оны Қытайдан әкелсеңіз бағасы 1 миллион 100 мыңнан асады. Сонымен қатар, сапасы да жоғары. Десек те, серіктестік жетекшісі Цзянь Ван облыс әкіміне дайын өнімді өткізуде кедергілер бар екенін айтып, қолдау білдіруін сұрады.

– Бұл әмбебап тракторлар ауыл шаруашылығы үшін өте қажет, бірақ олардың өзіміздің Зайсанда құрастырылатынын шаруалардың көпшілігі білмейді.

Сондықтан мен ауыл шаруашылығы басқармасына «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамымен бірлесе осы техникаларды лизингке сату бойынша жұмыс істеуді тапсырамын. Барлық аудан-қала әкімдері шаруаларға осы зауыттың өнімдерін көрсетіп, таныстырулары тиіс, – деп міндеттеді аймақ басшысы бұл ретте.

217 рет қаралды

Пікір жазу