"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

Н. НАЗАРБАЕВ: «ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН – ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ РУХАНИ ТІРЕГІ»

Сенбі, 27 Тамыз 2016 13:23

 

Маусым айында Шығыс Қазақстанда болған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мұнда елдің жетекші кәсіпорындары орналасқанын ерекше атап өткен еді.

Мемлекет басшысымен кездесулерде шығысқазақстандықтар бұл өңірдің әрдайым еліміздің экономикалық және рухани тірегі болып саналатынын мақтанышпен жеткізген еді. «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, «Нұрлы жол» 100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламалары Шығыс Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беріп келеді.

Нақ осы жерде, Қазақстанның Шығысында 2009 жылдың маусымында елдің жаңа индустрияландырылуы басталды, мұның мәні айрықша зор. Сондай-ақ, бүгінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мұрындық болған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өңірдің экономикалық негізін – түсті металлургияны жаңа металлургиялық қайта балқыту деңгейіне көтеруге, түпкі өнімнің қазақстандық мазмұнын арттыруға, қосымша құнын айтарлықтай өсіруге, сондай-ақ, қатарласа шағын және орта бизнеске жол ашуға мүмкіндік берді.

19 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді

Қазіргі уақытта облыстың Индустрияландыру картасына сомасы 1,2 триллион теңге болатын 82 жоба енгізілген, бұл аймақта 19 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал Индустрияландыру картасының іске асырылуынан бастап өзектілендіруді есепке алғанда 236 миллиард теңгенің 48 жобасы жүзеге асырылды, жеті мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы 435 тұрақты жұмыс орны құрылатын 5,5 миллиард теңгенің 7 жобасын енгізу жоспарланып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында жаңа инновациялық өндіріс орындары іске қосылды, оның ішінде «Қазцинк» ЖШС-нің катодты мыс, «Өскемен ТМК» АҚ-ның және «Посук Титаниум» ЖШС-нің титан құймалары мен қорытпаларын шығару бойынша зауыттары бар. Жылына 100 мың тонна катодты мыс өндіретін әлемдегі ең ірі Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы жалғасуда.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуынан бері кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған жалпы сомасы 99,2 миллиард теңге болатын несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау үшін 8,7 миллиард теңге төленді. 2,5 миллиард теңге сомасындағы несиелер кепілдендірілді. Жеткіліксіз инфрақұрылымды тартуға бағытталған 6,2 миллиард теңгенің жобаларына қолдау көрсетілді.

Автомобиль құрастыру саласы Шығыс Қазақстан экономикасына тың серпін беруде. Өңірде жеңіл автокөліктерді – «Азия Авто» АҚ, жолаушы автобустарын – «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС, тракторлар мен жүк көліктерін – «Семаз» ЖШС зауыттары құрастырады. Салынып жатқан қуаттылығы жылына 120 мың автомобильді құрайтын «АЗИЯ АВТО ҚАЗАҚСТАН» жаңа алпауыт зауыты шеттес және толымдаушы өндірістер кешеніне ие болады. Жалпы алғанда, мұнда 4 мың адам еңбек ете бастайды. Жобалық қуатына жеткен соң кәсіпорын қазақстандық машина құрастыру саласындағы ең ірі өндіріс орнына айналады. Сондықтан бүгінде үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, облыста автомобиль кластерін құрудың мастер-жобасы әзірленуде.

Шығыс Қазақстан жерінің орасан мол байлығы құрылыс индустриясын елдегі алғашқы шепке шығаруға мүмкіндік береді. Аймақтағы үшінші «Қазақцемент» цемент зауыты іске қосылғаннан кейін Шығыс Қазақстан жылына 4 миллион тоннадан астам түрлі маркадағы цемент шығару, сан алуан тапсырыстарды осында орындау қабілетіне ие болды. «Восток-Универсал» ЖШС заманауи минералды мақта бұйымдарын, «Мелисса» ЖШС республикадағы алғашқы OSB-плиталарды шығарады. ЭКСПО нысандары құрылысының өңірлік жеткізушілері тізіміне бірқатар шығысқазақстандық кәсіпорынның енуі кездейсоқ емес, олар цементті, тас мақталарды, гипсті, полиэтилен құбырларды, пленкаларды, өрттен қорғау композицияларын жеткізуге тапсырыс алды.

Тау-кен өндіру саласында кеніштер мен карьерлер іске қосылды: «Артемьев», «Малеев», «Юбилей-Снегириха», «Қаражыра», «Секисов», «Сәтпаев» тау-кен байыту кәсіпорындары.

Биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында облыстарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып келемін. Мерейлі жылды әр аймақтың қандай жетістіктермен қорытындылайтыны маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, дағдарысқа қарамай, облыста өндірістің өсімі 39 пайызға, ауыл шаруашылығы 13 пайызға артып, жалақы көлемі 11 пайызға өскені қуантты. Балалардың 98 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілген.
(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы маусым айында Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде айтқан сөзі)

20-ға жуық су электр стансалары салынады

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан әлемдік қауымдастыққа жылына шамамен миллион тонна мырыш, титан, мыс, қорғасын, магний, алтын, күміс, сирек кездесетін металдар экспорттайды. Ал жылдық жалпы аймақтық өнім екі триллион теңгеден асты. 2016 жылдың алғашқы тоқсанында да жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 15 пайызға ұлғайып, 590,6 миллиард теңгені құрады. Қаңтар мен маусым аралығында өнеркәсіпте 670,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 142 пайызға артық.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі осы кезеңде – 99 миллиард теңге, өсім 112 пайызды құрайды. 100,1 тонна тірі салмақтағы ет (өсім – 6,9 пайыз), 388 мың тонна сүт (ұлғаю – 4,5 пайыз) өндірілген. 136,9 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, өсім – 6,7 пайыз. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 700 субъектіге артып, 101,6 мың бірлікті құрады.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындай отырып аймағымыз бүкіл ел үшін маңызды жаңа бастамаларды іске асыруда. Болашақтың энергетикасына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындала отырып, шығысқазақстандықтар Өскемен-Экспо аймақтық халықаралық форумдарында өз жобаларының байқауын өткізді, шараға Нобель сыйлығының иегерлері, сонымен қатар әлемдегі 12 елдің ғылыми элитасы қатысты.

Айталық, Ұлттық ядролық орталық ғалымдары бүгінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында адамзаттың сутегі энергетикасын игеруі жолындағы маңызды міндеттерді шешуге арналған токамак КТМ термоядролық зерттеу қондырғысының физикалық қосылуын іске асыру үшін жұмыс істеуде.

Мұнымен бірге ЭКСПО-2017-нің қазақстандық павильонында келушілерге көлемі 2х3 метрлік токамак КТМ-нің интербелсенді макетін ұсыну жоспарлануда.

Әлемнің көптеген елдерінен келген қонақтар термоядролық синтез, плазма физикасы саласындағы тәжірибелік зерттеулерді өткізудің және де келешек сутегі реакторларында қолданылатын материалдар мен конструкцияларды сынаудың қаншалық маңызды екеніне нақты көз жеткізе алады. Көптеген әлем елдерінің ғалымдары біздің токамак КТМ-нің зерттеушілік әлеуетіне үлкен қызығушылық танытып отыр.

Алдағы уақытта аймақ қуаттылығы 400 мегаватт болатын 20 шақты шағын су электр стансасын салуға ниетті. Қуаты 25 МВт Тұрғысын су электр стансасын 2018 жылы іске қосу жоспарлануда. Үздік еуропалық аналогтарынан кем түспейтін күн, жел, су электр стансаларын жарақтауға арналған электр техникалық құрал-жабдықтардың жиынтығын әзірлеп шыққан «КЭМОНТ» акционерлік қоғамының ұжымы жаңа серпін алып келеді.

Шығыс сүт, ет өндіру бойынша елімізде дәстүрлі түрде алдыңғы орындарды иеленеді. 2015 жылы әр шығысқазақстандыққа облыс кәсіпорындары 85 келіден астам ет, 500 келіден астам сүт өндірген, бұл бір адамның биологиялық тұтыну нормаларынан айтарлықтай артық. Алайда өңірдің мүмкіндіктері бұдан бірнеше есе көп. Сондықтан аграрлық сала еңбеккерлері алдына жаңа жауапты міндеттер қойылып отыр. Бүгінде 28 тауарлы сүт фермасын қайта құру және 9 сондай жаңа ферма салу бойынша 2015-2017 жылдарға арналған бағдарлама толық көлемде іске асырылып жатыр. Бұл сауынды сиырлар санын 12 мыңға дейін, ал сүттің жылдық өндірісін 21 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тағы бір резерв – жекеменшік қосалқы шаруашылықтардан сүт сатып алуды ұйымдастыру. Бүгінгі таңда 36 заманауи сүт қабылдау бекеті жұмыс істейді, олар бірінші жартыжылдықта тұрғындардан 8700 тонна сүт сатып алған.

Мен бүгін ел дамуында маңызы зор «Азия Авто» кәсіпорнында болдым. Бұл кәсіпорын құрылғанға дейін Қазақстан автомобиль шығарып көрмеген. Әзірге мұнда құрастыру өндірісі жолға қойылған. Әлемнің барлық елдері осылай құрастырудан бастаған. Сол арқылы адамдарын үйретіп, кейін біртіндеп жергілікті мазмұнды арттырған, соңында толықтай өздері өндіретін болған. Біздің шығарып отырған көліктеріміздің ең арзаны жеті мың, ең қымбаты 15 мың доллар тұрады. Мұндай баға халыққа да жайлы, бәсекеге де қабілетті деп санаймыз. Бұл көліктерімізді көршілерімізге де сатамыз.

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы маусым айында Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде айтқан сөзі)
Алтай Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы өтеді

Шығыс Қазақстан 30 мың бастан астам етті қазақтың ақбас сиырына ие бола отырып, етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда көшбасшылардың бірі болып табылады. 10 мың бас ірі қара мал тұқымдық асылдандырумен қамтылған, бұл өнімділікті айтарлықтай ұлғайтады. «Бобровка+» ЖШС-де және Зәйтеновтің шаруа қожалығында елімізде тұңғыш рет «Робот» сиыр сауу жүйесі іске қосылған, бұл малды байламай, бокста еркін ұстау жағдайындағы табынды толық автоматтандырылған басқаруға көшуге мүмкіндік туғызды. Жалпы сүт сауу бойынша да және бір сиырдан сүт сауу бойынша да Қазақстандағы көшбасшылықты танымал шығысқазақстандық шаруашылық – «Камышинское» ұстап келеді. Олар бір сиырдан орташа алты тонна сүт ала отырып, ел нарығына жыл сайын он мың тоннадан астам жоғары сапалы сүт жеткізіп отыр.

«Шығыс-сүт» корпорациясы, «Эмиль» кәсіпорны сүт өнімдерінің 50 түрін шығарады. Заманауи технологиялар бойынша еттен әзірленген дайын өнімдердің кең түржиынын шығаратын Семей ет комбинаты бұрынғы даңқын жаңғыртуда, тауардың 40 пайызы экспортқа шығарылады. Облыста жиналатын күбағыстың майлы дәндерінен 150 мың тоннаға дейін күнбағыс майы өндіріледі, бұл – республика қажеттілігінің 40 пайызы.

Аймақ – шипалы өнімнің көлемін 90-шы жылдардың ортасымен салыстырғанда шамамен төрт есеге көтерген және өнім өндіруді жылына 2 мың тоннадан асырған республикадағы ең ірі бал өндіруші. Соңғы жылдары тұтас марал шаруашылығының саласы ретінде пантымен емдеу қарқынды дамып келеді. Балық және ағаш өндеу салаларын дамыту бойынша өңірлік бағдарламалар іске асырылуда. Зайсан көлінде, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларында, тоған шаруашылықтарында жылына тоғыз мың тоннадан астам жоғары сапалы өзен балығы өндіріледі. Зайсан көксеркесінің протеинге бай сүбесі Еуроодақ елдерінде тұрақты сұранысқа ие.

Осы күзде Шығыста «Алтай Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы өтеді, оның инвестициялық портфелін 900 миллиард теңгеден астам соманың 85 жобасы құрайды. Мәселен, туризм саласын алып қарайық. Бірегей Алтай және Ертіс маңы биоөңірлері аталмыш сала инвесторлары үшін зор мүмкіндіктер береді. Оның үстіне, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмыс істейтін жылы облыс көптеген туристерді қабылдауды көздеп отыр. Қазақстан қонақтары еліміздегі киелі мекен – Шыңғыстауға – Абайдың, Шәкерімнің, Мұхтар Әуезовтің отанына, қазақ жерінің символына үлкен қызығушылық танытып келеді.

Өңір тұрғындарының 86 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ облыстағы ірі кәсіпорындар мен атқарушы билік арасындағы әлеуметтік серіктестіктің маңызын бірнеше мәрте атап өткен-ді. Аталмыш серіктестік негізінде соңғы жылдары Жекпе-жек сарайы, Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетикалық манеж, мұз модульдері және әлемдік талаптарға сай келетін өзге де нысандар салынған болатын.

Жалпы алғанда Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары 150-ден астам білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді, оның ішінде 126 мектеп, 27 балабақша бар. Денсаулық сақтау саласының 100-ден астам нысаны іске қосылды, оның ішінде 17 аурухана, 28 ауылдық дәрігерлік амбулатория, жеті медициналық пункт, 13 стоматологиялық клиника бар. 11 мәдениет үйі, бес достық үйі, он саябақ, үш мұражай есіктерін айқара ашты.

Денешынықтырушылар мен спортшылар үшін 17 сауықтыру кешені, үш хоккей модулі, Жекпе-жек сарайы, теннис корты, жеңіл атлетикалық манеж, орталық жабық жүзу бассейні, спортта дарынды балаларға арналған спорт-интернат, тау шаңғысы кешені, екі ипподром, 139 футбол алаңы, 137 хоккей қорапшасы ашылды.

Тұрғын үй құрылысына да ерекше назар аударылуда. Облыста жастарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырыла бастады, оны орындау үшін бірқатар даму институттарының мүмкіндіктері қолданылуда. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік те қарқын алып келеді.

Осы жылдары 31 тірек ауылды және төрт моноқаланы дамыту бойынша үшжылдық бағдарламаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тың серпін берді. Нәтижесінде Шығыс Қазақстанның тірек ауылдары айтарлықтай жаңартылды. Олардың қатарында Шемонайха ауданындағы Камышинка мен Верх-Уба, Ұлан ауданындағы Бозанбай мен Таврия, Зайсандағы Қарабұлақ пен Дайыр, Жармадағы Үшбиік пен Шалабай және басқалар бар. Бұл ауылдарда көшелерге асфальт төселді, жаяу жүргіншілер жолдары салынды, заманауи жарықтандыру орнатылды, балаларға арналған спорттық алаңдар салынды. Ауылдықтардың қазіргі заманғы коттедждерінде көп жағдайда суық және ыстық су, санитарлық торап, интернет бар. Жалпы өңірде тұрғындардың 86 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Моноқалалардағы – Зыряндағы, Риддердегі, Серебрянкадағы, Курчатовтағы қайта құрулардың мақсаты – өндірістің бір бағыттылығынан арылу, экономиканы, инфрақұрылымды оңтайландыру, тұрақты жұмыс орындарын құру.

Бүгінде мұнда шағын кәсіпкерлікті дамыту орталықтары ашылған, зәкірлік жобаларды іске асыру жалғасуда.

Ауылдар мен қалаларды абаттандыру бойынша жұмыстар кешеніне тұрғындардың өздері, меценаттар, танымал жерлестер белсенді қатысады. Өйткені Қазақстанның Шығысында 2009 жылдан бастап «Туған жерге тағзым» акциясы жұмыс істейді, оған сәйкес еңбек ұжымдары, меценаттар туған мекендерін жаңарту жобаларына қаржы құяды.

Он бес Достық үйі жұмыс істейді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жастарды патриоттық тәрбиелеуге, ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Айталық, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын БАҚ арқылы уақтылы және дұрыс түсіндіру үшін баспасөз мәслихаттары мен брифингтердің алты кестесін бекітті. 2016 жылдың басынан бері мемлекеттік орган басшылары қатысқан 63 баспасөз мәслихаты өткізілді, оның ішінде 11-і жоспардан тыс. Өткізілген брифингтер қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы кең көлемде жарияланады, имидждік материалдар орналастырылады.

Шығыс Қазақстандағы жылдың басты спорттық оқиғасы – облыс әкімінің жүлдесіне арналған халықтық ойындар, оларға спорттың көптеген түрі бойынша мың жарымнан астам спортшы қатысады. Осы жылы облыста тұрып жатқан этностар ойындары екінші рет өткізілді. Осы сүйікті халықтық сайыстар көптеген спортшыларға үлкен спортқа жолдама берді. Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ Олимпиада ойындарына қатысқан ұлттық құрамада Шығыс

Қазақстанның саңлақтары лайықты өнер көрсетті. Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова жеңіл атлетикада қола награданы жеңіп алды.

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мемлекет қалыптасуының қиың жылдарында өскемендік хоккейге үлкен қолдау көрсетті. Бүгінде Өскеменді қазақстандық хоккейдің отаны деген атағын одан әрі асқақтату жолында да көптеген істер атқарылуда. Мұнда үш заманауи хоккей модулі салынды. Александров атындағы Спорт сарайының жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Шығысқазақстандық волейбол да барынша жоғары орыннан көрінуде.

Сондай-ақ, тұтас алғанда өңірде өскелең ұрпаққа үлкен қолдау көрсетіліп келеді. «Балапан-2020» бағдарламасы іске асырылуда, облыс мектеп жасына дейінгі балалардың 90-нан астам пайызына балабақшалардан орындар ұсынып отыр. Өңірде Назарбаев мектептері, дарынды балалармен жұмыс орталықтары табысты жұмыс істеуде.

Үш мың орындық жаңа мешіт облыс орталығының сәулетті ғимаратына айналып отыр, оның төрт көгілдір мұнарасының биіктігі 63 метрді құрайды. Бұл ғибадат үйін өңір жұрты асарлатып салды. Жаңа мешітке адамдар отбасыларымен келеді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауында біздің Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Өскеменде еліміздегі тұңғыш Достық үйін ашқан болатын. Ал бүгінгі күні өңірде қоғамдық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығату жолында 15 Достық үйі, 122 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Достық идеялары бірегей этноауылда белсенді насихатталады, онда елімізде алғашқы рет өңірде тұратын 17 этностың классикалық үй-жайы салынған.

Мұның бәрі де жұмыла келе 100-ден астам ұлт пен ұлыс достық пен келісімде мекендеп жатқан Шығыс Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

 

Даниал АХМЕТОВ,
облыс әкімі

192 рет қаралды

Пікір жазу