"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АУЫЛҒА ФУТБОЛ АЛАҢЫН САЛЫП БЕРДІ

Сейсенбі, 06 Қыркүйек 2016 13:59

 

ШҚО Ұлан ауданының Жанұзақ ауылында «Ақжол» демократиялық партиясы парламенттік фракциясының күшімен салынған тамаша футбол алаңы пайдалануға берілді. Спорттық нысанның салтанатты ашылуына «Ақжол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев бастаған бір топ партия мүшесі, сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, осыдан біраз бұрын ауыл жұртшылығы партия басшылығы атына ауылда спортық нысан салуға жәрдемдесу жөнінде өтінішпен жүгінген болатын. Жанұзақтықтардың бұл өтініші ескерусіз қалған жоқ, «ақжолдықтар» ауыл тұрғындарының аталмыш бастамасын қызу қолдап, жақында шағын елді мекенде қалалардағыдан еш кем түспейтін футбол алаңы және түрлі спорттық құралдармен жабдықталған нысаның құрылысы аяқталды.
Жоба авторлары алаң құрылысы кезінде барлық қажетті техникалық нормалар ескерілгенін мәлімдеп отыр. Жеріне жасанды газон төселген алаңның ұзындығы 50, ені 25 метр шамасында.

Бір қызығы, спорттық нысанның салынуына «Ақжол» партиясының депутаттарымен қатар, жергілікті қалталы азаматтар және ауылдарының болашағына бейжай қарамайтын қарапайым тұрғындар да атсалысыпты. Мұны салтанатты шара кезінде сөз алған «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ерекше атап өтті.

– Соңғы жылдары біздің елдің спортшылары Олимпиадаларда, әлем чемпионаттары мен құрлықтық додаларда, сондай-ақ, өзге де халықаралық жарыстарда керемет нәтижелер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін білесіздер. Мұның бәрі бірінші кезекте Елбасымыздың қолдауының арқасында мүмкін болуда. Себебі, соңғы бірнеше жылда ғана еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа спорттық нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек. Өз басым бірлік деп осындай шағын ғана ауылдарға келіп, қарапайым тұрғындармен кездесуді, олардың мұң-мұқтажын естіп, қуанышына ортақтасуды білемін. Сондықтан халықтың зор сұранысына ие мұндай нысандар алдағы уақытта да әсіресе шалғайдағы елді мекендерде көптеп салынады деген сенімім зор. Сіздерді осындай тамаша спорттық нысанның ашылуымен тағы бір мәрте құттықтауға рұқсат етіңіздер, – деді Азат Перуашев.

Әрине, мұндай игі бастамаларға жергілікті жердегі Атымтай жомарттар үн қоспай қалмасы тағы да белгілі. Сондай азаматтардың бірі – алғашқы күннен бастап нысандағы құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембиновтің еңбегін айрықша атап өтуге болады. Бүгінде ел қалаулысы атанған азамат өз міндетін мүлтіксіз орындап жүр деуге толық негіз бар.

– Партия төрағасы айтып өткендей, отандастарымыз халықаралық аренада топ жарып жатса, біз үшін бұл - зор мәртебе. Дегенмен, бірінші кезекте саңлақтарымыздың жетістіктері кейінгі буын жастарымызға үлкен үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Спортшыларымыздың жеңістері балаларымыздың салауатты өмір салтын таңдауына, ертең байрақты бәсекелерде үздіктер қатарынан көрініп, ел абыройын асқақтатуға өз септігін тигізетіні ақиқат. Ал ол үшін алыстағы ауылдарда осындай спорттық нысандарды көптеп салу қажет. Өзім осы ауылдың тумасы болғандықтан, жерлестеріме осындай көмек көрсетуді парыз санадым, – деді Берік Дүйсембинов.

Бұл күні Жанұзақтағы футбол алаңының ашылу салтанатына ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай келді десек, артық айтпағанымыз болар. Солардың бірі – төрт баланың анасы Гүлжан Рахимова спорттық нысанның пайдалануға берілуі жерлестері үшін үлкен қуаныш болғанын жасырмады.

– Бұрын балаларымыз ауыл мектебінің жанындағы тар алаңқайда доп қууға мәжбүр болатын. Енді жаңа футбол алаңы ашылғаннан кейін, бұл мәселе түбегейлі шешімін табады деп ойлаймын. Мұнда футбол алаңынан бөлек түрлі спорттық жарақтар да бар екен. Рахат пен Бекарыс есімді ұлдарым енді осы жерден шықпайтын сияқты, – дейді ол күліп.

Салтанатты шара барысында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Роза Мамырбаева, Жанұзақ орта мектебінің директоры Бибігүл Сабырова және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын осы бір қуаныштарымен құттықтады. Бұдан кейін ауыл ақсақалы Жеңіс Сартаев осындай игі шаруаны қолға алған азаматтарға алғысын айтып, ақ батасын берді.

Шара соңында жиналғандар «Арлан» және «Жастар» атты жергілікті футбол командаларының арасындағы кездесуді тамашалады.

228 рет қаралды

Пікір жазу