"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА ӨРТТІҢ ОРЫН АЛУ ЖАҒДАЙЛАРЫ АЗАЙҒАН

Жұма, 23 Қыркүйек 2016 16:03

 

Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Нұрғали Жүнісов хабарлады.

Жазғы өрт қауіпті кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орман, дала және егіс алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткен жиында орман өртінің айтарлықтай азайғанын жеткізген спикер дала өртінің саны 25 пайызға, шығын 71 пайызға азайғанын айтты. Сонымен бірге, орман өртіның саны да 75 пайызға, шығыны 100 пайызға кеміген. Дала алқаптарының өртке орануында да оң өзгеріс бар. Мұндағы төтенше жағдайлар 33 пайызға азайған.

«Өрт жағдайларының айтарлықтай азаюына өртке қарсы минералды жолақтың ені 4 метрдің орнына 7 метр етіп өзгеруінің нәтижесінде қол жеткізілді. Мамыр және шілде айларында 2 кезеңмен жүргізілген жұмыстардан бөлек, орман шаруашылығының базасында шартты дала өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуларының өткізіліп отыруы да жұмыстың оңды нәтиже беруіне себеп болуда», - деді Н.Жүнісов.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында аталған департаменттің бөлім басшысы Нұржан Әсібеков суда болған жазатайым жағдайларға шолу жасады.

Айтуынша, биылғы жаз маусымында суға кету жағдайлары көбейген. Мәселен, осы маусымда мас күйінде суға шомылудың себебінен 2 адам суға батса, ересек адамдардың қарауынсыз қалған 41 бала тілсіз жауға тұтылыпты. Сонымен бірге, суға шомылу маусымы кезеңінде судағы қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын бұзу, атап айтқанда өз күшін асыра бағалау себебінен 15 адам қайтыс болған. Дегенмен, дер кезінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 18 адам, оның ішінде, 3 жасөспірім бала құтқарылған. Сондай-ақ, қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында департамент мамандары 176 баланы жүзуге үйреткен.

Өңіріміздегі ауа райының әлі де жылы екендігін алға тартқан төтеншеліктер оңтүстікқазақстандықтарды су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын сақтауға шақырды. Келесі шомылу маусымында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құтқару бекеттерінің санын арттыру үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыс атқаруды жоспарлап отырғанын жеткізген Н.Әсібеков ерікті құтқарушыларды жедел-құтқару жасақта оқытып, оларды да жұмылдыруды көздеп отырғанын хабарлады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

319 рет қаралды

Пікір жазу