"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШЕТЕЛДІК ТЕХНОЛОГИЯ МОЛ ПАЙДА БЕРЕДІ

Бейсенбі, 22 Қыркүйек 2016 16:25

 

Жергілікті өнімді шетелдік технологияны қолданып молайту қолға алынуда. Шығыс Қазақстан облысы алдағы үш жылдың ішінде стратегиялық инвесторларды сүт өндіру және оны өңдеу өндірісін дамытуға тарта отырып, шығарылған өнімнің жартысын ТМД елдерінің нарығына экспорттауды қамтамасыз етуге күш салатын болады. Жұмыс ауылдағы кооперативтік өндірісті жетілдірте отырып, белгілі жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla компанияларының үлгісімен жүргізілмек.

Сүт өндіруде жекеменшік сектордың үлесі артады

Бұл жұмыс «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-шы және 61-ші қадамдарында айқындалған «Индустрияландыру және экономикалық өсім» институционалдық реформаларының үшінші бағытына сәйкес жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда, 37 тауарлы сүт фермасында саланы дамыту мақсатымен құрылыс және қайта жарақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларда 12,2 мың сауын сиыр бар. Межеленген нысандардың бірқатары былтыр пайдалануға беріліп қойды. Қалғандары үстіміздегі жылы іске қосылмақ.Барлық нысандардың жалпы құны – 9,2 миллиард теңге. Мұның 4,6 миллиарды 3 мың сиырға арналған 9 тауарлы сүт фермасын салуға, тура осынша сомасы 9,2 мың ірі қарасы бар 28 ферманы қайта жарақтауға жұмсалмақ.

Мұнымен қоса сүт қабылдау бекеттері желісін құру жұмысы да жүріп жатыр. 2015-2016 жылдар аралығында осындай 36 бекетті қосымша ашу жоспарланған еді. Былтыр олардың 29-ы жұмысқа кірісіп кетті.

Тұрғындардан сүт жинау жаңаша өріс алып келеді. Бұл іске 40 мың сауын сиыры бар 20 мың жекеменшіктегі қосалқы шаруашылықты тартқанда сүт бұлағының қаншалықты тасқындайтынын көзге елестетіп көріңізші! Ол өнімнің көлемін 27 мың тоннаға көбейтіп, облыстағы өңдеуші кәсіпорындардың шикізатпен қамтылуын 35 пайыздан 52 пайызға дейін бір-ақ арттырады.

Бұл саланы дамытуға облыста қолға алынған білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін өңірде өндірілген сүтпен және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету жұмыстары өте-мөте септігін тигізіп отыр.

Ет экспортын қалай еселейміз?

Стратегиялық инвесторларды аграрлық салада әріптестікке тартуды қажет ететін тағы бір маңызды бағыт –ет өндіру, оны өңдеу өндірісін дамыту, сөйтіп, шикізат базасын жетілдіру және өңделген өнімді экспорттауды жолға қою.

Талдаулар етті түлік өсірудің мал шаруашылығында басым рөл атқаратынына көз жеткізіп отыр. Өндірістің жалпы теңгеріміндегі оның үлес салмағы 62 пайызды құрайды. Облыста бұл саланы дамыту үшін асыл тұқымды мал базасы құрылған. Өнімі төмен малдың тұқымын асылдандыру жүргізіліп жатыр. 25,4 мың ірі қараға арналған 78 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.

Аталған сала әзіргі әлеует ескеріле отырып 2016-2020 жылдар аралығында бірнеше бағыт бойынша дамытылатын болады. Мәселен, 2020 жылға дейін етті мал саны салалық жеңілдік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде 595 мың басқа жеткізілмек. Мұнымен қоса асыл тұқымды сиырлары 8,7 мыңға жететін, яғни өсімі 30 пайызды құрайтын асыл тұқымды шаруашылықтар санын арттыру көзделіп отыр. Бұл орайда 150 мың шамасындағы аналық малдың тұқымы түрлендіріліп, 34 пайыздық өсім қамтамасыз етілетін болады. Мұның сыртында 28,8 мың малға арналған қосымша бордақылау алаңдары ашылады. Олардың саны 2020 жыл қарсаңында 135-ке жеткізіледі. Бұл алаңдарда 54,2 мың бас мал бордақыланып, 32,8 мың тонна ет өндіріледі.

Құс етін өндіруді одан әрі ұлғайтып, Шығыс Қазақстанның экспорттық әлеуетін еселеу де жоспарға енгізілген. Бұл үшін Үржар ауданында жылдық қуаты 30 мың тоннаны құрайтын ет бағытындағы құс фабрикасы салынбақ. Қазіргі таңда оның құрылысы үшін Европа елдерінде, Қытайда және Үндістанда инвесторлар іздестірілуде.

Белгілі болған инвесторлар арасында Қытайдың «Евразия АгроХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Аталған компания Аягөз ауданында жылдық қуаты 11,5 мың тоннаны құрайтын ет өңдеу кәсіпорынын, бордақылау алаңдарын және мал сою цехын салмақ.

Еліміздің шығыс аймағындағы ет өңдеу саласын одан әрі дамыту жаңа кәсіпорындарды салу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жетілдіру, жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен атқарылмақ. Бұлардың қатарына ең алдымен Семей ет комбинаты және«Айтас МП», «Швабские колбаски» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жатады.

Облысымызда әзірше еттің барлық түрлерін өңдеумен 14 кәсіпорын айналысып жатыр.

227 рет қаралды

Пікір жазу