17Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«ЕҢБЕК КҮНІ» МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Жұма, 23 Қыркүйек 2016 16:40

 

Бүгін ОҚО басшысы Б.Атамқұлов «Еңбек күні» мерекесіне арналған жұмысшылар мен еңбек династияларының облыстық форумына қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі барша еңбек қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, осы салада ұзақ жылдар тер төккен ардагерлер мен қызметкерлерді марапаттады.

Өңір әкімі Бейбіт Бәкірұлы еңбеккерлерге арнаған баяндамасында: Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік  жаңғыртылуы:  Жалпыға Ортақ  Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты Тұжырымдамасы – қоғамда үлкен серпіліс туғызып, ел дамуының  ұзақ  мерзімді  бағдарларын айқындады. Бұл еңбегінде Елбасы жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыруды, баршаға ортақ еңбек қоғамын құруды ұсынғаны белгілі.

Президентіміз өзінің жыл сайынғы Жолдауларында да еңбек адамының беделін арттыруды үнемі қозғап келеді. Осыған орай, ел Президентінің Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді.

Биыл елімізде үшінші рет аталып өтіп жатқан мерекенің негізгі мақсаттары – өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.

Облысымызда ұрпақтан - ұрпаққа отбасылық құндылықтарды жеткізіп, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге үлкен үлес қосып отырған еңбек әулеттері жетерлік.

Мысалы үшін айтар болсам, Арыс қаласындағы Тазабек Жаңабаевтың жанұясында барлығы ата жолын қуып, теміржолшы мамандығын  кәсіп еткен болса, олардың жалпы бұл саладағы еңбек өтілі 40 жылдан асып жығылады.                     

Ал, Кентау қаласында Кашавгалиевтар жанұясы металлург мамандықтарын  ата кәсіп еткен.

Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылындағы Ысқақ Әбдіқайым әулеті ширек ғасыр шамасында ұстаздық еңбектерімен танымал. Айта берсек, бұдан басқа еңбек династиялары біздің өңірде жетерлік. Ата кәсіпті жалғап, алтын арқауды үзбей еңбек етіп жатқан әулеттерді қанша  мақтасаң  да  жарасады» -деп атап өтті.

Бұл күні өз саласында талмай еңбек етіп, өз ісінің білгірі атанған 28 азаматқа «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі және облыс әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, мерекелік жиында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары да құрмет пен қошеметке бөленді.

Айта кеткен жөн, биыл Еңбек мерекесін атап өту жыл бойына тойланып, облыста түрлі іс-шаралар мен конкурстар ұйымдастырылуда.

Еске салайық, Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығы бойынша елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі – «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленген. Осыған сәйкес, биыл аталған мейрам республикамызда үшінші рет аталып өтуде. Бүгінде облыста 9 Социалистік Еңбек Ері, 1 Қазақстанның Еңбек Ері тұрады.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

623 рет қаралды

Пікір жазу