"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

2017 ЖЫЛЫ АЛАКӨЛ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛМЕК

Сейсенбі, 27 Қыркүйек 2016 08:00

 

Сапалы жолдар ШҚО-ның туристік нысандарын бәсекеге қабілетті әрі туристер санының артуына әкелері сөзсіз. 2017 жылы жолдарды жөндеу барысында басты назар демалыс орындары баратын жолдарға бөлінбек. Олардың бірі – Алакөл бағытындағы жолдар.

Облыстағы жолдарды жөндеу қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етумен қатар туризмді дамытуға да өз септігін тигізеді. 

Соған дәлел - биыл жөндеуден өткен өткен Өскемен-Тарғын-Самар, Сібе көлдеріне және Нұртау шаңғы базасына дейінгі жолдар. Сонымен қатар Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз, Күршім-Қалжыр, Бородулиха-Шемонаиха, Серебрянск қаласына кіре беріс тас жолдары да жөндеуден өтті.

Шығыс Қазақстанның аймақтық коммуникациялар қызметінде ШҚО жолаушы көлігі мен автомобиль жолдары басқарма басшысы Берік Бейсекенов баспасөз мәслихаты барысында 2017 жылы туристік нысандар мен демалыс орындары бағытындағы жолдарды жөндеу жұмыстарының жалғасатынын айтты.

-  Жақсы дамыған туристік кластер аймақ инвестициясын арттырады. Сондықтан, біз 2017 жылы Алакөлге апаратын Қабанбай ауылынан Алматы облысының шекарасына дейінгі жолдарды жөндеу жұмыстарымен қамтимыз. Өйткені бұл жолдармен Алматы мен өзге аймақтардан келетін туристер поезбен жүреді. Ары қарай такси немесе автобуспен көл жағасына жетеді. Сондықтан демалушыларға жол жүру кезінде жақсы жағдай жасауымыз қажет - деді Берік Бейсекенов.

Сондай-ақ, биылғы жылы Өскемен-Зырян-Катонқарағай-Рахман бұлақтары республикалық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіледі. Ал 2017 жылы Ресей Федерациясымен шекарадағы Семейдегі «Ауыл» және Өскемен-Шемонаиха тас жолындағы «Уба» өткізу пунктері жөнделетін болады.

Сонымен қатар, Алакөлден Барлық Арасанға дейінгі жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.

Атап өтсек, 2016 жылы ШҚО-да орташа жөндеу жұмыстары маңызды болды. 221 шақырымды құрайтын 16 облыстық және аудандық участкелер қамтылды. Шұңқыр жамау жұмыстары 230 мың шаршы метрді қамтып, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 50 мың шаршы метрге артық.

172 рет қаралды

Пікір жазу