"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚҰМКӨЛДІҢ ҚЫРМАНЫ ҚЫЗЫЛ ДӘНГЕ ТОЛДЫ

Сенбі, 24 Қыркүйек 2016 08:15

 

Барқытбелдің баурайында осы уақытқа дейін көкөніс атаулы мүлде өсірілмеген. Жер жағдайы жіті зерттелмеген, мамандардың айтуынша, балбанитеті төмен деп тұжырым жасалған болатын. Ал бүгінде осындағы Құмкөл округінде 2400 га жер игеріліп, 17 шаруа қожалығы және екі өндірістік кооператив ілкімді жұмыс атқарып отыр.

Таяуда осы округтегі қырман басында, алқаптағы дала қосында болдық. Жолбасшымыз - Құмкөл ауылының әкімі Тілеуке Көнекбаев алдымен оралман ағайындардың күзгі жиын-теріні қызу жүріп жатқан көкөніс және дәнді дақылдар алқабына әкелді.
Ауыл әкімі биыл ауа райы жаңбырлы болды, даланың оты да, егін де бітік шықты,- дейді. Дала төсін жаңғыртып жүрген «Енисей» комбайнының қасына келіп тоқтадық. Алдымыздан беті күннен тотыққан бидай өңді келген шаруашылық иесі Ағабек Ұлықбеков шықты.

Ерте көктемде егілген 180 га жердегі бидайдың шығымы жаман емес, әр гектарынан 25 центнерден өнім алудамыз. Елу га жерге егілген арпаның түсімі 18 центнерден айналып отыр. Бұл өңірдегі жердің құнарлылығы өте жақсы. Агроном мамандар жерге жоғары баға беріп отыр,-дейді. Ағабек бауырымыз жүгері алқабына да әкелді. Мұнда да қарбалас. Комбайншы қысқа ғана амандасты. Өйткені, сөйлесуге мұршасы жоқ. Бункерден кезекте тұрған машиналар қораптарын шабылған жүгеріге толтырып, сүрлем дайындау орталығына аттандырып жатыр. Өнім әр гектардан 30 центнерден айналып жатыр екен.

Ағабектің алқабы маңындағы көкөніс өсіруші ағайынды төрт азаматтың қосына келдік. Әрқайсысы жалға 20 гектардан жер алыпты. Сексен га жердің көкөнісін жинап, қоймаға тасып жатыр. Олардың да биылғы ырысы жаман емес екен, 10 мың тонна көлемінде өнім аламыз деп отыр. Атшаптырым жердегі келесі алқап - 12 шаруашылықтың басын қосып отырған «Мырзашөл» өндірістік кооперативі. Кооператив төрағасын Алматы өңірінен келген төрт тіркемесі бар «КамАЗ» машинасына картоп тиеп жатқан жерінде кездестірдік. Әдина Ұлықбеков «Қазір 150 га жердің өнімін жинап жатырмыз. Биыл егілген голландық тұқымның түсімі тамаша. Гектарынан 300-350 центнерден өнім алып жатырмыз. Картопқа тапсырыс берушілер көп. Әзірше егіс басынан солардың тапсырысын орындаудамыз»,-дейді.

Алқаптың басы қайнаған еңбек. Бірі картопты қаптаса, енді бірі жүк машинасына тиеп жатыр. Жұмысшылардың дені орта жастағы әйелдер мен ер-азаматтар. Тапсырыстан артылған көкөністер арнайы қоймаларға жеткізіледі екен. Ауданның азық-түлік қоры да осы қоймаларда сақталады. Әдинаның айтуына қарағанда, Барқытбел баурайындағы кооператив мүшелері жалға алған 2400 гектар жердің басым бөлігіне көкөніс егілген. Алдағы күндері сәбіз, қырыққабат, қызылша жиналмақ. Қызанақ пен қияр түгел жиналып, сауда орындарына түскен. Көбісі Өскемен, Семей, Аягөз қалаларында сатылуда.
«Құмкөл ауылдық округі аудандағы көкөніс өндірісінің негізгі базасы десе де болғандай,-дейді осы жерде әңгімеге араласқан ауыл әкімі Т.Көнекбаев,- аудан басшысы Д.Оразбаев бұдан екі жыл бұрын осы тың жерді игерудің бастамашысы болып, оңтүстіктегі жер қадірін білетін ағайындарды осында қоныстандырғанда жергілікті тұрғындардың мұнда көкөніс өспейді деген пайымдары бүгінде жоққа шықты. Қазір игерілген 2400 га жер аудан жұртшылығының игілігіне айналды. Биыл 1500 гектар жерге егілген көкөністен 15000 тонна өнім аламыз деп отырмыз. Оған жағдай жасалған. Бес қоймамыз бар, тағы бір қойма пайдаланылуға беріледі. Диқандардың техникалары да сақадай сай. Жанар-жағармай тапшылығын көрген емеспіз. «Мырзашөл» өндірістік кооперативінде 15 бірлік жаңа техника егіс даласында жүр. Аталған техниканың барлығы лизинг арқылы алынған. Алдағы мақсатымызда - округке қарасты шағын шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперативіне айналдыру. Елбасы жақында ғана өткен келелі кеңесте барлық деңгейдегі әкімдерге бұл істі жеделдетуді қатаң тапсырды, біздің ауылда мұндай тәжірибе бар».

Құмкөл ауылындағы егістік пен қырман басында болғанымызда аудандағы ауыл шаруашылығы саласының келешегі кемел екендігіне айқын көз жеткіздік.

Күн еңкейе егіс басынан қозғалғанымызда қара жолдың үстінде «Беларус» тракторының тіркемесімен қырманнан ауылға қарай әндетіп бара жатқан жұмысшыларды көрдік.

187 рет қаралды

Пікір жазу