"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

СПОРТ НЫСАНДАРЫ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕГІМЕН КӨБЕЙМЕК

Жұма, 30 Қыркүйек 2016 07:36

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік сала – қоғам өміріндегі басты бағыттардың бірі. Сондықтан азаматтарды әлеуметтік қорғау бағдары мемлекетіміздің негізгі міндетіне айналып отыр. Елбасы айтқандай, «мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру – тұрлаулы даму шарттарының бірі». Осыған сәйкес, ОҚО Бәйдібек ауданының әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен аудан көлемінде спорт нысандарының санын көбейту бойынша меморандумға қол қойды.

Ауданның әлеуетті кәсіпкері Талғат Ысқақовпен жасалған  екіжақты келісімшартта туған жерге «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» шеңберінде игі іс жасау көзделген. Жүзімдік ауылындағы мектептің ескі спорт залын күрделі жөндеуден өткізу және жаңадан ашық волейбол, кіші футбол алаңшаларын салуды бизнесмен өз міндетіне алды.                                

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі - қайырымдылық және қызмет ету қағидасы. Бұл ретте бәйдібектік бизнесмендер белсенді. Қазіргі таңда аудан орталығында жүзу бассейні мен жабық кордтарды инвесторлар есебінен салу жөнінде де қарқынды жұмыстар жүргізілуде.                                     

«Туған елім – тірегім. Өз еліңе пайда келтіру, Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – әрбір қазақстандық кәсіпкердің борышы мен ар-ождан ісі. «Қай жерде жүрсек те, қандай қызмет атқарсақ та сол туған өлкемізге деген азаматтық жауапкершілігіміз мықты болса ғана әлеумет әлеуеті әлденбек, - дейді кәсіпкерлер.                                                                          

Соңғы уақытта ауданда спортты дамыту мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Спорт мектептерінің саны бесеуге жетті. Қазіргі таңда Жамбыл ауылындағы спорт мектебіне күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы өскелең ұрпақты дене шынықтыруға бейімдеп, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қолға алынып отыр.

190 рет қаралды

Пікір жазу