"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АСТАНАДА ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНДЕРІ ӨТЕДІ

Сәрсенбі, 05 Қазан 2016 07:53

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  8-9 қазанда «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының күндері өтеді.

Көрмелер, қойылымдар, концерттік бағдарламалар мен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен тұратын іс-шаралар елордалықтарға Ел тәуелсіздігінің 25 жылында облыстың экономикалық және мәдени салада жеткен жетістіктері жайлы баяндайды.

Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын ұстанған Шығыс Қазақстан облысы 25 жылда әлеуметтік-экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт салалары бойынша жарқын жетістіктерге жетті.

Атап айтсақ, 25 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім көлемі 8,8 миллиард теңгеден 2,3 триллион теңгеге дейін немесе 260 есе өсті. Жалпы ішкі өнім тұрғындар санына шаққанда 5 мың теңгеден 1656,2 мың теңгеге дейін немесе 330 есе ұлғайды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде өңірде 150 білім нысаны салынды, оның ішінде 129 мектеп, 21 балабақша бар, 100-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды, олардың қатарында 17 аурухана, 28 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункт, 13 стоматологиялық клиника бар. Мұнымен қоса, 40 мәдениет нысаны ашылды, оның ішінде 11 Мәдениет үйі, 5 Достық үйі, 10 саябақ, 3 мұражай бар. Спорт саласында 300 жаңа нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 17 сауықтыру кешені, 139 футбол алаңы, 137 хоккей қорапшасы, 2 ипподром, 3 хоккей модулі, Жекпе-жек сарайы, теннис корты, жеңілатлетикалық манеж, орталық жабық жүзу бассейні, спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, тау шаңғысы кешені ашылды.

Өңірде іске асырылып жатқан жобалар тек дамуды ғана емес, бастысы халықтың жағдайын жақсартып, біртектілікті нығайтып, бейбітшілікті сақтауға бағытталуда.

2016 жылғы 8-қазанда «Көрме» орталығында Шығыс Қазақстанның Берел қорымы, Шілікті обасы сынды бірқатар тарихи орындарда табылған құнды археологиялық артефактілердің көрмесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өңірдің бай мәдени өмірін таныстыратын «Шығыс Қазақстан суретшілері. Уақыт портретіне штрихтер» және «Үлкен жол кезеңдері» тақырыбындағы сурет және фото көрмелері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында «Тәуелсіздіктің жарқын жетістіктері: Шығыс Қазақстан» атты кітап көрмесі, театр сүйер қауымға, дәл осы күні Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлтттық университетінде Өскемен қаласындағы облыстық драма театры сахналайтын К. Людвигтің «Жұлдызды сәт» қойылымы және

Семей қаласының Абай атындағы облыстық театры ұсынатын Ф. Достоевскийдің «Дядюшкин сон» атты спектакілі көрсетіледі. «Қазақстан» спорт сарайында «Торпедо» және «Астана» балалар хоккей командалары арасындағы достық турнирі, «Барыс» х/к-ның белді ойыншысы Талғат Жайлауовтың қатысуымен балаларға хоккейден шеберлік сабағы өткізіледі.

Қазан айының 8-9 күндері «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алаңында «Қазақстанда жасалған» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады. Жәрмеңкеде елорда тұрғындарына 300 тоннаға жуық түрлі ауыл шаруашылық өнімдері ұсынылмақ.

Екі күн бойы «Көрме» орталығында  Шығыс Қазақстан облысының жетістіктері жайлы паш ететін «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты бұйымдар мен өнімдердің көрмесі өтеді.

Сондай-ақ, іс-шара барысында Ә. Қашаубаев атындағы облыстық филармония ұжымы келушілерге екікүндік мәдени концерттік бағдарламасымен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

254 рет қаралды

Пікір жазу