"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Жұма, 07 Қазан 2016 08:41

 

 

Бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына жаңа  әкім тағайындалды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 6 сессиясында  облыс әкімін тағайындауды келісу жайы қаралды. Елбасының ұсынған  кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады.   

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысының  активіне облыстық мәслихаттың келісімімен және Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған өңірдің жаңа басшысы  Түймебаев Жансейіт Қансейітұлын таныстырды.

Жансейіт Қансейітұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында  дүниеге келген.  Соңғы жылдары Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінде, Президенттің Протоколы қызметінде жауапты қызметтер атқарған.

Премьер-Министр сондай-ақ облыстың бұрынғы әкімі Бейбіт Атамқұловқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.
Айта кетейік, Президенттің Жарлығымен Б.Атамқұлов жаңадан құрылған ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды.

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев облыстың жаңа әкіміне Мемлекет басшысы жүктеген «Нұрлы жол» бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, бюджет қаражатын игеру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша бірқатар маңызды және нақты міндеттер тұрғанын баса айтты.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

216 рет қаралды

Пікір жазу