20Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА «АРЫС ЖАҒАСЫНДА» VII РЕТРО-ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Жұма, 07 Қазан 2016 08:44

 

 

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Ж.Түймебаевтың қатысуымен Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік думанға қатысушыларды аймақ басшысы құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

«Ұлы өнердің ұлы құдіретіне айналған, ұлтымыздың біртуар перзенті Шәмші ағамыздың сарқылмас шалқар дүниесі тағы да бізді бүгін өз құшағына алды. Туған елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жалпы халыққа деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты арқауы болды. Әсіресе, өздеріңіз секілді Шәмшінің ізбасарлары күн өткен сайын шоғырлана, шоқтана түсіп, қатары қалыңдап келеді. Сіздер барда, өнерді сүйетін халық барда Шәмші әндері мен басқа да композиторларымыздың туындылары көк жұлдыздай жарқырай түспек», - деді аймақ басшысы.

Ретро-фестивальде Ш.Қалдаяқовтың әндерімен қатар, облыстан шыққан композиторлардың шығармалары, патриоттық туындылар және Астана туралы әндер орындалды. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдері Шәмші әндерін өз тілдерінде шырқады.

Еске салайық, «Арыс жағасында» ретро-фестивалі алғаш рет 2010 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына арналып өткізілген-ді. Сол уақыттан бері 7 жылда дәстүрге айналған ретро-фестиваль жыл сайын еліміздегі талантты композиторлардың шығармашылығына арналып өткізіліп келеді.
Айта кетейік, ретро кеш барысында VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өтті.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысқан шарада аймақ басшысы жеңімпаздарды марапаттап, оларға сый-сияпат жасады.
Сонымен, VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын атасақ, өнер жарысының бас жүлдесін қызылордалық Назым Сағынтай жеңіп алды.

І орынға Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Диана Хашимжанова ие болса, ІІ орын алматылық Тілекбай Нағымбаев пен астаналық Еркебұлан Тұрмағамбетовке бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынға астаналық Жалғас Сұлтанов пен Марат Айтымбай және Лаура Айтбаевалар (Қарағанды) лайықты деп танылды.

Сондай-ақ, салтанатты шарада Облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Қытай Халық Республикасынан келген Асылхан Дәстүр марапатталса, арнайы диплом қырғызстандық Биназира Аблаеваға табысталды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

284 рет қаралды

Пікір жазу