26Маусым2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

КЕНТАУДА ІРІ ТРАНСФОРМАТОР ҚҰРАСТЫРЫЛДЫ

Сейсенбі, 11 Қазан 2016 11:09

 

 

 

Өңіріміздің ғана емес, еліміздің бетке ұстар мекемесі - Кентау трансформатор зауыты Қазақстанда тұңғыш рет 80 мегаваттық трансформаторды құрастырып шығарды. Бұл жемісті еңбек тек зауытта ғана емес, республикада орын алып отырған тарихи жаңалық деуге болады. Өйткені, Қаратау тәжіндегі құрастырылатын трансформатордың ең қуаттысы 63 мегаваттыққа дейінгі болатын.  

Айта кету керек, бір данасының өзі Кентау секілді 10 ауданды электр қуатымен қамтитын алпауыт трансформаторға қазіргі таңда 4 тапсырыс түскен.

Басшылықтың біліктілігі мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Кентау трансформатор зауытының ұжымы өткен жылы үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Өнім көлемі межеленген жоспардан артық орындалып, 11 млрд теңгеге жетті.

2015 жылдың жырты жылдығында экспорт көлемі 33 пайызға өссе, биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға көтеріліп отыр. Алдағы уақытта экспортты 50 пайызға жеткізу жоспарлап отырған зауытта 1100 қала тұрғыны үш ауысымда тұрақты еңбек етеді.

Осылайша, дағдарыстан дамуға бет алған зауыт қазірдің өзінде 2017 жылғы қаңтар айына дейін жететін тапсырыстар қабылдап, келісім-шарттар жасасып қойған. Тапсырыс берушілердің көпшілігі шет елдік компаниялар. Тіпті, кейбір мемлекеттер 3 жылға дейін келісім-шартқа отырған.

«Еуразиялық Экономикалық Одақтың» жемісін  көріп отырған бірден-бір компания жақында ғана Белоруссия мемлекетінен тапсырыс алды. Бұл тарихта болмаған оқиға. Ал Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдерден келіп жатқан тапсырыстардың да көлемі артып келеді.

Жаңа техникамен жарақтандырылуға және жаңа өнім шығаруға зауыт басшылығы әрдайым басымдық береді. Кеңес Одағы тұсындағы жабдықтар қазір жарамсыз. Сондықтан зауыт құрылғалы бері мұндағы технологияның барлығы түгелімен жаңаланды. Өндіріс көлемі 20 жылда 20 есеге өсті. 2014 жылы - 26, 2015 жылы - 36 жаңа өнім түрі шығарылса, 2016 жылы - 42 жаңа өнім түрін шығару жоспарланып отыр.

 

Кентау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

228 рет қаралды

Пікір жазу