"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАҢА БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Бейсенбі, 13 Қазан 2016 17:54

 

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында жаңа балабақша ел игілігіне берілді. Бұған дейін көрші ауылдағы бөбекжайға қатынаған балғындар енді, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тапшылығын сезінбейтін болды. Заман талабына сай жабдықталған нысанда тәрбиеленеді.

«Әдемі». Жаңадан бой көтерген балабақша осылай деп аталады.  Мұнда бөбектердің жан-жақты білім алуы үшін бар жағдай жасалған. 110 балаға шақталған мекемеде арнайы ойын алаңшалары да талапқа сай. Жоғары білімді тәрбиешілер тәлім береді.

Бұған дейін балаларын көрші ауылға тасып, әбден қажыған ауыл тұрғындары бұл қуанышқа дән риза. «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған балабақша жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да себепші болмақ.

Айта кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша балғындар 100 пайыз балабақшамен қамтылуы тиіс. Төлебиде бұл меже 80 пайызға орындалып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер бизнес-билік жобасы аясында бұдан да жоғары көрсеткіштерді бағындырмақ ниетте.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен  және оқытумен қамтамасыз ету  жөніндегі 2010-2020 жылдарға  арналған «Балапан» бағдарламасының  негізгі мақсаты - халықтың мектепке дейінгі  тәрбие мен оқыту  ұйымдарының сапалы көрсетілетін қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыру.

Ал, бағдарламаның міндеттері:

- 2015 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балалардың 77 %-ын, 2020 жылға дейін -100% қамтылуын  қамтамасыз ету;
- 2015 жылға дейін 5-6 жастағы балаларды білім беру ұйымдарында мектепалды даярлықпен толық қамтуды қамтамасыз ету;
- мектепке дейінгі ұйымдарға деген тапшылық проблемасын шешу үшін қажетті қаржы-экономикалық жағдай жасау;
-   мектепке дейінгі ұйымдарды білікті кадрлармен толық қамтамасыз етуді және олардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды жүзеге асыру;
- инклюзивті білім беруді дамыту (мектепке дейінгі ұйымдарды пандустармен, кіреберістермен, көтергіштермен және  жеделсатылармен және т.б жарақтандыру);
- оқытудың жаңа  әдістемелері мен технологияларын енгізу есебімен тәрбиелеу мен оқыту мазмұнын жаңарту болып табылады.

265 рет қаралды

Пікір жазу