"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШҚО ДЕЛЕГАЦИЯСЫ СОЛТҮСТІКТЕ БОЛЫП ҚАЙТТЫ

Бейсенбі, 13 Қазан 2016 14:49

 

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастаған Шығыс Қазақстан облысының делегациясы 11-12 қазанда өңіраралық ынтымақтастықты нығайту шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында болып қайтты. Екі аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында өткен Шығыс Қазақстан облысы күндерінің аясында өңір басшысы бастаған делегация көрші облыстың бірнеше кәсіпорнында, спорт және әлеуметтік маңызы зор нысандарда болып, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырды.

Қызылжар өңіріндегі Шығыс Қазақстан күндері 9-қазаннан мәдени шаралармен басталған болатын. Үш кеш бойы жерлестеріміз солтүстікқазақстандықтарды өнерлерімен тәнті етті. Алғашқы күні облыстық театрдың орыс труппасының «Проделки ханумы» қойылымы, 10-қазанда жастар театрының «Жұлдызды сәт» спектакліаншлагпен өтті.

Солтүстік өңірмен таныстықты облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Green park» демалыс орнынан бастады. Қызылжар орманшылығының ішінде орналасқан саябақ кішігірім ауыл іспетті. Ағаштан қиып салынған бір, екі қабатты үйлердің іші қолайлы тұрмыс үшін қажетті заттармен толық жабдықталған. Демалыс орнының қожайыны Максим Калинин саябақты 300 млн. теңге өз қаржысына ашқанын айтады. Бес көшеде тоғыз үй, бірнеше монша, отыруға арналған алаңқайлар бар. Үйлер демалушыларға жалға беріледі екен. Балалар алаңы, жабық отбасылық бассейн салынып жатыр.
Қарағайлы орманның ішінде орналасқан демалыс орны отбасымен таза ауада уақыт өткізгісі келетіндер үшін өте қолайлы. Үйлерді аралап көрген облыс басшысы жеке кәсіпкердің іскерлігіне жоғары баға берді.
Бұдан кейін қонақтар ат басын Спорт сарайына тіреді. Делегация мүшелері жеңілатлетика манежін, хоккей алаңын тамашалады. Өздерін сырттай Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың бақылап тұрғанын көздері шалып қалған қызылжарлық спортшылар жаттығуларына бар ынталарымен кірісті.

Бір-бірімізден үйренеріміз көп

Спорт сарайының мәжіліс залында өткен екіжақты кездесуде осы жылдың маусым айында Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының өңіраралық кооперация туралы кеңесте қолға алынған бастамалардың іске асырылу барысы сөз болды. Екі жақ жазда өздері үшін маңызды бағыттарды айқындап, бірнеше келіссөздер жүргізіп, меморандумдарға қол қойған еді. Осы уақыт аралығында аймақтардың өнеркәсіптік кәсіпорындары сол келісімшарттар негізінде жұмыс істеп жатыр.
Алдымен сөз алған облыс әкімі осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын осы аймаққа басшы болған кезін еске алды. Бүгінде еліміздің іргелі, экономикасы қуатты екі өңірінің басшылары кезінде бірге қызмет жасапты. Жарық өше беретін, барлық сала құлдырап, кетеуі кеткен заман болғанына қарамастан іскер азаматтар бір жарым жылдың ішінде өңірді аяғынан тік тұрғызған.

Өткен күнге ойша саяхат жасап қайтқан облыс әкімі солтүстікқазақстандықтарды биылғы егіннің тамаша түсімімен құттықтап,
бұл өлкенің тек аграрлы облыс емес, машина жасау саласында да қарыштап дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Солтүстік Қазақстан облысы агротехникаларды құрастыруда жақсы нәтижелер көрсетуде. Зауыттар бәсекеге төтеп бере алатын тек азаматтық қана емес, сонымен қатар әскери маңызы бар техникаларды да шығарады, бұл қазіргі уақытта өте маңызды, – деген Даниал АХМЕТОВ солтүстік өңір сонымен қатар Мағжан Жұмабаев сияқты біртуар ақын, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты көрнекті жазушылар дүниеге келген тарихи мекен екенін атап өтті.

Өңір басшысы Солтүстік Қазақстанды индустриялы аймақ десе, Кенді Алтайды инновациялық технологиялары дамыған өлке деп қарады.

– Біз алдымен, машина жасау саласында бірлесе жұмыс істегіміз келеді. Бұл тұрғыда алғашқы қадамдар жасалған. «Титан-магний комбинаты» АҚ Петропавл ауыр машина жасау зауытына тұңғыш тапсырыстарын түсіріп қойды, – деп жалғастырды облыс әкімі. – Енді ары қарай жұмыс істеу керек.

Бұл екі жаққа да тиімді, өйткені сіздерге тапсырыс алған дұрыс, ал бізге нәтижелі жұмыс үшін серіктес табу керек. Сіздерде тамаша ауыл шаруашылығы көліктері де бар. Біз егін салатын кешендерді, «САМПО» фин комбайндарын сатып алсақ дейміз. Олар біздің өңірдің нарығына еніп те қойды.

Даниал АХМЕТОВ екі облыстың шаруашылық байланыстарын арттыра түсу үшін өңіраралық ынтымақтастыққа инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша қарым-қатынасты қосу қажет екенін ескертті.

– Шығыс өңіріне маусым айында барған сапарымызда біз инновациялардың шынымен де сол өңірде жақсы дамығанының куәсі болдық, – деді өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ. – Шығыс Қазақстан – еліміздегі өнеркәсіп саласындағы драйвер, сол себепті біздің олардан үйренеріміз көп.

Көрші облыстың басшысы өздерінде қуатты ауылшаруашылық кластерді құрмақ ойлары бар екенін жеткізді. Алдағы уақытта егін салатын кешендерді, тыңайтқыш себетін машиналарды шығармақ. Табысты бағыттар айқындалыпты. Ерік СҰЛТАНОВ Шығыстың май зауытына май дақылдарын өткізіп, дайын өсімдік майын сатып алғылары келетінін ортаға салды, өйткені ең тамаша май бізде өндіріледі.

– Бүгінде ауыл шаруашылығында ілгерілеу байқалады. Біз биыл 500-ден артық асыл тұқымды ірі қара саттық. Бұл бағытта екі өңір де қарқынды дамып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасының тапсырмасы бойынша атқарылуда, – деді Ерік СҰЛТАНОВ.

Кездесуден кейін қонақтар Солтүстік өңірдің кәсіпорындарын аралады. Алғашқы бас сұққан нысан «Молпродукт» ЖШС болды. Тұтынушыларға «Одари», «Мумуня», «Зорькин луг» сияқты сүт өнімдерімен танымал кәсіпорынның күніне 500 тонна сүтті қайта өңдеуге қуаты бар. Бұл жерде облыс әкіміне өндірушінің құрғақ сүттен жасалған өнімнің сыртына шынайы ақпарат жазатыны ұнады.

Облыс басшысы мұндағы сүт өңдеу технологиясын үйрену қажеттігін атап көрсетті. Тамақ өнеркәсібімен таныстық тез дайындалатын тағамдарды шығаратын «РимКазАгро» ЖШС-інде жалғасты. Серіктестік үгітілген картоп, жүгері таяқшалары, жүгері үлпегі, поп-корн, әртүрлі жармалардан
жасалған ботқалар, сорпалар шығарады. Кәсіпорынның өкілі Әмір Османовтың айтуынша, олар негізінен дайын шикізатты өңдеп, орайды. Ең бастысы, кәсіпорын өнімдерді орап шығаратын испандық, америкалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әмір Османов үлкен мөлшерде күнбағыс майын сататын тасымалдаушыны іздеп жүргендерін айтты. Әзірге олар балды Алтай өлкесінен, майды Ресейден сатып алады екен. Біздің жеке кәсіпкерлерге өз өнімдерін ұсыну ғана қалды.

Шығысқазақстандықтар Петропавл ауыр машина жасау зауытында болды. Екі өңірдің кәсіпорындарымен байланыс сөз болғанда, Даниал АХМЕТОВ машина құрастырушылар мен «Қазцинк» ЖШС өкілдеріне бірлесе жұмыс істеу жайында ұсыныс тастады. Петропавл қаласы мен қонақтары үшін шығысқазақстандық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Алтын Алтай» гала-концерті қойылды. Концертке келген екі облыстың әкімдері Даниал АХМЕТОВ пен Ерік СҰЛТАНОВТЫ жұртшылық тік тұрып, қошеметпен қарсы алды. Альмира Нұрғожина, Владимир Ткач сияқты танымал әншілердің әні мен

«Ладушки», «Флэш» би тобының орындауындағы билер кәрі-жасына қарамай, бәрінің делебесін қоздырды.
Қызылжарлықтар да гүл шоқтарын аямады. Шығысқазақстандықтар кеш соңында тойбастар алып шығып, залда отырғандардың бәріне бал, жеміс, шоколад таратты.

Екінші күні аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бастаған делегация Солтүстік Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуетімен танысып, «Зенченко и К», «Радуга» несие серіктестіктерінде болды.

184 рет қаралды

Пікір жазу