"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ САУДА-КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУДЫ ҰСЫНДЫ

Сәрсенбі, 19 Қазан 2016 12:16

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі өнеркәсіп орындарын аралау жұмыстарын одан әрі жалғастырды.

Ең алдымен, өңір басшысы Gold маркалы алюмин профильдерін шығаратын «Gold Aluminum» ЖШС-інде болып, зауыттан шығарылып жатқан өнімдерді аралап көрді. Жылдық қуаттылығы 6 мың тоннаға дейін жететін зауытта өндірілетін өнімдердің 20 пайызы Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорында шығарылатын өнімдер нарықта ең төмен бағамен ұсынылады. 

 

 

 

 

Мұнан соң облыс әкімі Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі аумағы 200 гектардан асатын «Бадам» қазақ-түрік индустриалды аймағына барып, ондағы іске асырылып жатқан жобалардың жұмысымен танысты. Болашақта мұнда тракторлар мен эксковаторлар, құрылысқа қажетті заттар мен лифт, бау-бақшаға арналған арбалар, доңғалақтар, сонымен бірге, кеңсе және үй жиһаздарын шығаратын 17 жоба бойынша өнеркәсіп орындары жұмысын бастамақ. Айта кететін жайт, мұнда бюджеттік 1 теңгеге 26,2 теңге жеке инвестиция тартылған. 

Осындай өнеркәсіп орындарының бірі – ауыл шаруашылығы техникалары мен тракторлар шығаратын «Kaz Kioti» зауыты. Бір жылда 1600 дана техника шығаруға қауқарлы серіктестікте 300 адам жұмыс істейді. Өткен жылы жұмысын бастаған зауытта бүгінге дейін 167 трактор жасап шығарылып, облыстағы шаруашылықтармен қатар, көрші Таразға саудаланған. Болашақта мұндағы техникалар Ресей асуы да мүмкін.

Индустриалды аймақтағы тыныс-тіршілікке қанық болған аймақ басшысы Ж.Түймебаев ондағы кәсіпорындардың кестеге сәйкес мерзімінде тапсырылуы қажеттігін ескертіп, ондағы инфрақұрылым жайын ретке келтіруді міндеттеді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының орталығында орналасқан кәсіпорындарды шаһар маңына көшіріп, сауда айналымын жақсарту мақсатында аймақаралық əріптестікті нығайту керектігін айтты. Сондай-ақ, ол осы мәселе жөнінде Үкіметке «Шымкент сауда-көрме орталығын» құру идеясын ұсынғанын жеткізді.

Өнеркәсіп орындарымен танысу кезінде Жансейіт Қансейітұлы «Бөрте Милка» сүт тауарлы фермасында болды. Жыл басында ашылған шаруашылықта асыл тұқымды сүтті бағыттағы «Гольштейн» тұқымынан қазіргі таңда 272 бас сауын сиыр бар. Күніне 30 литрге дейін сүт беретін фермада жылына 6-7 мың литр ағарған алу көзделуде. Ол үшін таяуда тағы да 200-ден астам ірі қара әкелу жоспарлануда. Сүт тауарлы ферманың барлық жабдықтары швейцариялық құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Сапар барысында облыс әкімі аумағы 112 га болатын сауда-логистикалық орталығында болды. Бұл орталықта шаршы метрі 242,5 мың  құрайтын  8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұнда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізіне қосатын жол, темір жол тұйығы, қуаттылығы 10 МВт болатын электр стансасы, орталықтандырылған газ және су құбырларының құрылыстары жүргізілген.

Заманауи кешендегі салынып жатқан құрылыстардың жұмысымен танысқан аймақ басшысы сауда-логистикалық орталығы ауыл шаруашылығына бейімделген Оңтүстік өңірінің экономикасына оң ыпқалын тигізіп,  облыс өнімін дүниежүзілік нарыққа шығаруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, тиісті мекеме басшыларына аталған орталықтың аумағын  ұлғайтуды жүктеді.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

222 рет қаралды

Пікір жазу