"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖЫЛУ БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНДА

Сәрсенбі, 19 Қазан 2016 16:45

 

 

 

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар сала басшыларымен бірлесе Шымкенттегі жылу беру қазандықтарын аралап көріп, жұмыс істеу жүйесімен танысты.

Атап айтқанда, өңір басшысы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан қуаттылығы 160 Гкал. болатын қазандықтың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде, аталған жылу беру орталығы арқылы 24 көпқабатты тұрғын үй мен  6 бюджеттік мекеме осы жылдың 17 қазанынан бастап орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіле бастады.

Өткен жылы іске қосылған бұл қазандықтың бүгінде өз қуаттылығымен жұмыс істемей отырғанын алға тартқан қала әкімдігінің жетекшілігі облыс әкімінен осы маңдағы көпқабатты үйлерге қосымша жылу құбырларын тарту үшін бюджеттен қаржы қарастыруды сұрап, тағы осы іспеттес қазандық салу қажеттігі туралы ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі Ж.Түймебаев қаланың жылу беру жүйесін тиімді ететін арнайы сызба әзірлеуді тапсырып, жаңа қазандық салу бойынша ұсынысты келер жылдың бюджеті арқылы шешуді жүктеді.

Сонымен қатар,  аймақ басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған ұзындығы 6,5 шақырым болатын магистралды жылу жүйесін қайта құру жұмысымен танысты.  Бүгінде 6 шақырым жұмыстары біткен құбырдың құрылысын пысықтаған әкім жұмыстардың қазан айының 20-на дейін аяқталуы керектігін міндеттеді.

Мұнан соң, облыс әкімі бастаған жұмысшы топ  «3-Энергоорталық» АҚ-да болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. 1998 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келе жатқан бұл орталық 2008 жылдан бастап қаланың оңтүстік бөлігін жылумен және жылу сумен қамтамасыз ете бастаған.

Аталған «3-Энергоорталық» сондай-ақ,  қала тұрғындарын электр қуатымен қамтып отыр. Мұнда жаз айларында 70-85 МВт өндірсе, қыс мезгілінде 135-140 МВт өндіреді. Өңірдің электр қуатына қажеттілігі жазда 300-350 МВт болса, қыста 400-450 МВт-ті қажет етеді. Ал қалған қажетті электр қуатының 60 пайызын сырттан келетінін ескерген өңір басшысы облыста электр энергиясын өндіретін жаңа газ турбинасын салу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Жылу жүйесінің дайындық барысын пысықтаған облыс әкімі сапар барысының қорытындысы бойынша бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың қазанның соңына дейін жылумен қамтылуын міндеттеді.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

274 рет қаралды

Пікір жазу