"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ИННОВАЦИЯ ИГІЛІГІН ОҚУШЫЛАР КӨРУДЕ

Сенбі, 15 Қазан 2016 07:42

 

Соңғы жылдары елімізде «Робототехника» арнайы курсы оқу жоспары бойынша жүзеге асырылуда. Білім бөлімі мамандарының айтуынша, робототехника ақпарат құралдарын  қолдана отырып, пәнаралық зерттеулер жасауға, оны жүзеге асыруға, робот жобасын және оның іс-қимылының бағдарламасын әзірлеуге машықтандырады. Қаламызда курсты жүргізетін мектептерден 24 ұстаз біліктіліктерін арттырған. Ал апта басында №6 гимназияда «Робототехника» курсына қажетті арнайы робот жасау құрылғылары оқушылардың игілігіне табыс етілді.

Ғылыми саладағы жаңашылдық іспетті осы курс қаламыздағы №6 гимназияда үш жылдан бері жүргізілуде. Енді шәкірттер тек теориялық сабақ алып қана қоймай, білімдерін тәжірибемен ұштастырып, ұтқыр ойдың жемісін жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.  Яғни білім ошағына Алматы энергетика және байланыс университетінің басшылығы  робот құрастырушы «Arduino UNO KIT 3D» принтерін салтанатты түрде сыйға тартты. Аталмыш университеттің алғашқы ректоры Ғұмарбек Дәукеев  №6 гимназияның шәкірті болған. Бұл жағдай өзге емес, дәл осы білім ошағына сый-сияпат жасалуына себепкер болды. Салтанатты рәсімге  Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ержан Сырғалиев, Ғұмарбек Дәукеевтің інісі - «Алматы энергетика және байланыс университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі  Серікбек Даукеев, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, білім бөлімінің мамандары және №6 гимназияның ұстаздары мен оқушылары қатысты.

- Біздің университетіміздің алғашқы ректоры білім алған шаңырақ қашанда құрметті. Сол себепті де университетіміздің ғылыми кеңесінің шешімімен оқушылар игілігіне Arduino құрылғысы мен 3 D принтерін сыйға тартпақпыз. Өздеріңіз білетіндей, Білім және ғылым министрлігінің шешімімен мектепте білім беру бағдарламалары жаңартылып, инженерлік бағытта оқыту енгізілді. Басты мақсатымыз робототехника саласында білім алушыларға қолдау тыныту, білімін жетілдіруге және сол арқылы шәкірттердің еліміздің дамуына, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосуларына жағдай жасау,- деп атап өтті Ержан Сырғалиев. 

«Робототехника» курсы соңғы 3-5 жылда білім саласына  енгізілді. Шамамен 5-6 миллион бала жүйелі түрде, жоспарға сәйкес, робот құрастырумен айналысып жатыр. Яғни, қаламыздың мектептері де бұл жаңашылдықтан қалыс қалмауы керек. Бұл ретте мемлекеттік, жекеменшік кәсіпорындар, ұжымдар, ұйымдар мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда қолдау танытып отыр.

Шара соңында мектеп ұжымы риясыз ризашылықтарын білдіріп,алғыстарын айтты. Ал оқушылар құрылғылармен жұмысты бастап та кетті.

174 рет қаралды

Пікір жазу