"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН МЕДИАМЕКТЕП

Бейсенбі, 20 Қазан 2016 13:27

 

ШҚО әкімдігінің қолдауымен БҰҰ тұрақты даму саласындағы мақсаттар аясында Бүкіләлемдік туризм күніне арналған «Қазақстандық Алтайдың экожүйесін сақтау – тұрғындардың ақпараттық әлеуетін арттыру» атты республикалық мобильдік медиамектеп ұйымдастырылды.

Онда жас журналистерге арналған жеке және топтық тәжірибелік сабақтар өткізіліп, «Медиа және сауаттылық» атты шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

– Мәскеудегі қысқы мектепке қатысқан кезімде неге біздің елімізде осындай шараны өткізбеске деген ой келді. Кейін Алматыға оралған соң, осы идеямды жүзеге асыруға кірістім. Мақсатымыз – жаһандық медиа дамуға ілесе отырып, отандық ақпаратты дамыту. Болашақта Катонқарағай ауданында жас журналистерге арналған жазғы мектеп ашу жоспарда бар, - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, жоба жетекшісі Гүлмира Сұлтанбаева.

Жаһандық медиа және ақпараттық апталық аясында Бүкіләлемдік туризм, Даму туралы ақпарат және БҰҰ, Халықаралық ақпаратқа қолжетімділік, Бүкіләлемдік аудиовизуальды мұралар күндеріне арналған шарада Шығыс өңірінің табиғи ресурстар бойынша жоғарғы әлеуеті бар екенін атап өткен

Гүлмира Сұлтанбаева еліміздің тау-кен өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындары Өскеменде қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

– Қала айналасында жекеменшік тұрғын үйлердің көп болуы, көшелердегі көлік қозғалысының дұрыс реттелмеуі де ауаның ластануының басты себепшісі болып отыр. Еліміздегі өнеркәсіптік алаңдар аумағында қатерлі аурулар тудыратын азот диоксиді сияқты зиянды газдардың бөлінуі айтарлықтай көп тіркеліп келеді. Бұл қосымша экологиялық проблемаларды туындатады. Біздің отырысымыз бірінші кезекте осы жерде тұратын адамдардың денсаулығына әсер ететін экологиялық проблемаларды шешуге көмектеседі деп ойлаймыз, - деді Гүлмира Сұлтанбаева.

Бұл күні медиа мектепке қатысушылар әртүрлі тақырыпта пікір алмасып, жаңа медиаға қатысты тың дүниелермен танысты. «Мен үшін ақпараттардың көп болғаны соншалық, әлі ой қорытып үлгере алмай жатырмын. Әсіресе, жаңа медиаға қатысты үйренген дүниелерім көп», - дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Журналистика» мамандығының 2-курс студенті Тасқын Болатұлы.

Шара барысында қатысушылармен онлайн байланысқа шыққан еліміздегі Біріккен Ұлттар Ұйымының қоғамдық ақпарат басқармасының өкілі Властимил Самек ақпаратты дәстүрлі емес жолмен, яғни, газет, радио, теледидар арқылы жеткізумен шектелмей, оны түрлендіріп беруді ұсынды.

– Қазақстандықтардың көпшілігі қолданатын интернет ресурстарының иесі ресейлік компаниялар. Елімізде жаңа медианы игерушілердің емес, бар болғаны тұтынушылар саны артып отыр. Себебі, соңғы жылдар ішінде интернеттену үдерісі қарқын алды. Мемлекет тарапынан қазақ тіліндегі интернет жобаларды қолдау ниеті байқалғанымен, бұл сала нарық заңдылықтары бойынша дамыса сәтті болатын тәрізді. Қазақ тіліндегі контент шетелдік өзге ресурстармен бәсекелесе алмаса, тұтынушы ойланбастан, бірден өзіне ыңғайлысына көшеді. БҰҰ есебі бойынша, Қазақстан дүниежүзіндегі сауаты жоғары он елдің қатарына енеді. Өкініштісі, ақпараттық сауаттылығы жоғары елдердің есебінде біз үздіктер қатарында емеспіз. Сондықтан медиа білім тек журналистерге ғана емес, күллі қауымға керек, - дейді Властимил Самек.

Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

413 рет қаралды

Пікір жазу