"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА 700 ОТБАСЫ КӨШПЕК НИЕТТЕ

Сенбі, 22 Қазан 2016 17:12

 

Еліміздің оңтүстік өңірлерінен Солтүстік Қазақстан облысына 700 отбасы көшуге ниет білдіріп отыр. Ал бүгінде теріскейге мемлекеттік бағдарламамен 127 отбасы қоныс аударған екен. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Айдарбек Сапаров журналистерге мәлімдеп, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы баяндады.

Оның айтуынша, келер жылы бұл өңірде қант зауыты салынып, онда қант қызылшасы өңдеуден өтетін болады. Қазір диқандар әр гектардан 50 тонна қызылша алып жатыр. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтар шекаралас орналасқан Омбы қазақтарына да көмегін аянбайды.

«Біз Омбыға жылына екі рет делегациямен барып тұрамыз. Қазақ диаспорасымен кездесу өткіземіз. Оларға көмек керек болса, көрсетеміз. Олар да бізге келіп тұрады. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бүгінде тілді дамыту үшін оларға кітаптар жіберіп жүрміз», - дейді Айдарбек Сапаров.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовтың айтуынша, былтыр да оңтүстікқазақстандық 70 отбасы облыс әкімдіктерінің өзара келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына тегін көшірілген. Ол азаматтар әкімдіктердің демеуімен жұмысқа тұрып, баспаналы болған.

- Биыл «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына жаңа тармақ енгізілді. Үкімет оңтүстік аймақтарды – халқы көшуші, солтүстік аймақтарды – көшті қарсы алушы аймақтар ретінде белгілеп берді, – дейді Сәтжан Полатов.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарының сөзінше, азаматтарды түстіктен теріскейге көшірудің демографиялық себебі де бар. Сәтжан Полатов бұл сөзіне «Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 миллионға жуық, ал Солтүстік Қазақстан облысында 6 жүз мыңдай ғана тұрғын бар» деген деректі уәж етеді.

Жалпы қазір Солтүстік Қазақстан облысының халқы көрші Ресейге және облыс орталығы Петропавлға көше бастаған. Ауылдарда адам саны азайғаннан соң мектеп пен балабақшалар жабылып жатыр. Ол жақта жер кең, игеруге адам жетіспейді. Түпкі ой – демографияны көтеру, жұмыссыздықтың алдын алу.

287 рет қаралды

Пікір жазу