"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бейсенбі, 27 Қазан 2016 10:52

 

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы - Шымкентте «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» көрмесінің аясында аталған байқаудың жеңімпаздары марапатталды. 

 

 

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен шараға  ҚР

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

 

 

Мүгедектердің, жасы ұлғайған адамдардың және халықтың өзге де тобының өмірін жақсартуға негізделген әлеуметтік жобаларды қолдау – ҚР ДСӘДМ қызметінің басым бағыттарының бірі. 

Шарада сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиындықтарына тап болған 250 мыңнан астам азаматқа, оның ішінде 100 мыңнан астам шын мәнінде көмекке зәру адамдарға көмек пен қолдау көрсетілгенін атап айтты.

Өз кезегінде сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың 17 %-дық үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін, яғни бұл мәселелерді реттеуде өңірге артылар жауапкершіліктің жоғары екенін жеткізді. 

 

 

Биылғы жылы аймақтық комиссия 178 өтінішті қарастырып, 32 әлеуметтік жоба байқаудың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары атанды.
Құрамына министрліктің, БАҚ-тың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері кірген іріктеу комиссиясының мүшелері ҚР ДСӘДМ сайтындағы берілген дауыстардың нәтижесін есепке ала отырып, еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыруға болатын ең үздік жобаларды анықтады.

Атап айтқанда, бірінші орын «Онлайн сурдоаударма қызметі» әлеуметтік жобасының авторы алматылық Сергей Махашевке берілсе, екінші орынды «Көкшетау қаласында және Красный Яр ауылында тұратын, қозғалыста қиыншылық көретін 1 топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларға үйде паллиативті көмек көрсету орталығын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы иеленді. Үшінші орынға «Адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» әлеуметтік жобасының авторы, астаналық тұрғын Анна Рыль ие болды. 

Жалпы, аталған жобаға Оңтүстіктен облыс деңгейінде 10 жоба қатысып, оның 3-уі республикалық деңгейге іріктеліп, ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» көрмесі 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Үш жыл қатарынан Елордада өткен шара биыл аймақтар арасынан Оңтүстік Қазақстан облысында бірінші болып ұйымдастырылып, республикалық деңгейде өтіп отыр.

274 рет қаралды

Пікір жазу