"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Сенбі, 29 Қазан 2016 09:41

 

Кеше облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Төлеби ауданындағы әлеуметтік нысандарда болып, жұмысымен танысты.

Жұмысшы топ, ең алдымен, Киелітас ауылдық округіндегі «Газпромнефть-Битум Казахстан» зауытын көріп, жұмысшыларымен сөйлесті. Автокөлік жолдарына арналған битум шығару өндіріс орнынан өндірілетін өнім еліміздің үш облысы – Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанның тасжолдарына қолданылады. 2011 жылы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында іске қосылған битум зауытында биыл 170 мың тонна битум өндіруге қол жеткізілді. Осы жылдан бастап Тәжікстан мен Өзбекстанға дайын өнім эспорттай бастаған өнеркәсіп орнында жергілікті 80 адам жұмыспен қамтылған.

Зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық болған Ж.Түймебаев жұмысқа жергілікті халықты көптеп тарту ісіне мән беру керектігіне назар аударып, зауытты кеңейту жолдарын қарастыру керектігін айтты. 

Мұнан соң, әкім аталған елді мекенге қарасты асыл тұқымды құс шаруашылығы «Қызылжар» ЖШС-н аралады. 8 га жерге орналасқан құс фермасында 28 мыңға жуық Хайтекс Браун тауықтары тәулігіне 28 мың дана жұмыртқа береді. Жергілікті 30 адамды жұмыспен қамтыған серіктестік жылына 2 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салмақшы. Бұл ретте аймақ басшысы аудан әкімі Б.Пармановқа құс шаруашылығына қосымша жер беруде жергілікті әкімшілік тарапынан қажетті қолдаулардың жасалу керектігін жүктеді.

Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» демалыс аймағы да жұмысшы топтың назарынан тыс қалған жоқ. Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін барлық жағдайы жасалған аймақта жергілікті 120 адам екі ауысымда жұмыс істеп, келушілерге қызмет етеді. Екі жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге облыс әкімі қолдағы бар жағдайды қаржы көзіне тиімді айналдырып, шетелдік және жергілікті компаниялармен, оқу орындары, зауыт, фабрикалар сынды құрылымдармен келісім-шарт жасап, отандық туризмді дамытып, бизнесті өркендету керектігін ұсынды.

Мұнан соң, өңір басшысы аудан орталығы – Ленгердегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, кеңес алушы болашақ кәсіпкерлермен тілдесті. Жауапты мамандарға жедел әрі тиімді қызмет көрсетуді тапсырған Жансейіт Қансейітұлы бизнесті бастаушы азаматтардың жұмысына сәттілік тіледі.

Соңғы нысан – шаһардағы П.Тәжібаева атындағы 800 орындық мектебі болды. Күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алу ісінде кешеуілдеуге тап болып, мерзімінен кеш басталған жөндеу жұмыстары 25 желтоқсанға дейін аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі таңда мектеп оқуышылары 22 автобуспен 2 мектепке тасымалданып, оқытылуда. Бар мәселеге қаныққан облыс әкімі мердігер мекемеге жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде тапсыруды жүктеді.

Төлеби ауданына жұмыс сапары соңында Ж.Түймебаев ауданның активімен кездесті. Төлебидің әкімі Бұхарбай Парманов жыл басынан бері атқарылған ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады.

Қорытынды сөзді алған аймақ басшысы Төлебидегі бірқатар салалар бойынша сын, ескертпелер жасады. Таулы аймақтағы туризм саласын одан әрі дамытып, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруды тапсырған бірінші басшы бұл ретте, жерді тиімді пайдаланып, одан экологиялық таза, табиғи өнімді алу керектігіне назар аударды. Сонымен бірге, әрбір мемлекеттік қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, өңіріміздің өсіп, өркендеуінде патриот болуға шақырды.

 



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

227 рет қаралды

Пікір жазу