17Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АНКАРАДА ОҚО-НЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Сенбі, 29 Қазан 2016 16:26

 

Түркия астанасы Анкара қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған конференция өтті. Алқалы жиынға түрік өнеркәсіп палатасының басшылары, іскер топ өкілдері мен сарапшы мамандар қатысып, бауырлас екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қазақстан мен Түркия стратегиялық әріптес елдер. Өткен 25 жылдың ішінде бауырлас екі мемлекеттің саяси-экономикалық, мәдени-рухани саладағы қарым-қатынасы артып, ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейді. Сарапшылар әсіресе, екеуара іскерлік байланыстың әлеуетін жоғары бағалайды. Осы күнге дейін түрік кәсіпкерлері еліміздің экономикасына 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салыпты. Бұл қомақты қаржы көбіне құрылыс жобаларын жүзеге асыруға жұмсалып келген екен. Енді түрік инвестициясы өңдеуші салаға бағытталмақ. Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі: - Ендігі басты мәселе ол өндіріс, өнеркәсіп саласында түрік инвесторларының келуі. Осы салады қазір Оңтүстік Қазақстан алда тұр деуге болады. Өйткені ең алғаш құрылған қазақ-түрік индустриалды аймағы - Оңтүстік Қазақстанда. Қазір бұл аймақта 17 фирма жұмыс істеуде. Бұл болашақта тағы жалғасады. Бұл тұрғыда сауда-экономикалық және мәдениет пен білім жағынан да ОҚО әлеуеті зор. Конференцияда түрік кәсіпкерлеріне еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы таныстырылды. Өндіріс орнын ашқысы келетін инвесторға құжаттарды рәсімдеуде «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіліп, тиісті салықтық жеңілдіктер қарастырылғаны жөнінде мол мағлұмат берілді. Түркия мердігерлер одағының төрағасы Митхат Йенигюн тәуелсіздік жылдарынан бері түріктің 30-ға жуық компаниясы Қазақстанда жалпы құны 22 млрд. долларын құрайтын 450-дей жобаны іске асырғанын айтады. Оның пікірінше, Еуразия кеңістігінде қазақ елі инвестициялық жағынан тартымды бірден-бір мемлекет. Митхат Йенигюн, Түркия мердігерлер одағының төрағасы: - Әлемде мұнай мен газ және өзге де энергетикалық ресурстардың құны 3 жыл қатарынан төмендеп келеді. Сәйкесінше, осы шикізатты экспорттайтын елдердің қазынасы ортайып қалғанын білеміз. Енді бұл тығырықтан шығудың жолы қандай? Мысалы Қазақстан индустриалдық жобаларын іске асыру үшін шетел инвесторларын тартуға барынша күш жұмылдырған. Өйткені сыртқы капитал экономиканың дамуына серпін бермек. Сондай-ақ кіші және орта бизнесті де қаперден шығармағанымыз абзал. Өйткені шағын кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамтуда шешуші рөл атқарады. Бұл орайда, қазақ елінің қазіргі ұстанып отырған басымдықтары өте орынды деп ойлаймын. Жуырда Түркияның «Мамак» іскерлер мен өнеркәсіпшілер қауымдастығы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болып, елімізде шетел инвесторлары мен жергілікті кәсіпкерлерге жасалған мүмкіндіктерді өз көздерімен көріп қайтқан еді. Жұмыс сапары бойынша Анкарада жиын өткізген қауымдастық төрағасы Ибрахим Энгин түркиялық кәсіпкерлер ОҚО азық-түлік және тоқыма өндірісіне аса қызығушылық танытып, қомақты инвестиция бөлуге әзір екендіктерін жеткізді.

 

www.24.kz

353 рет қаралды

Пікір жазу