"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШЫМКЕНТ АТЫНА ЛАЙЫҚТЫ ЖАСЫЛ ҚАЛАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

Сейсенбі, 01 Қараша 2016 06:09

 

 

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласының дамуы бойынша мәжіліс өтті.
Күн тәртібінде қаланың бас жоспарының орындалуы, жол инфрақұрылымы мен қала аумағына ағаш отырғызу сынды үш мәселе қаралды.

Жиынды жүргізген аймақ басшысы Шымкентті еліміздің үшінші мегаполисіне айналдыру үшін Елбасының осы жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асуына барынша жауапкершілікпен қарап, оның дамуына бірлесе күш салу қажеттігін айтты. Бүгінде шаһардағы қала халқының саны 904 мыңға жеткенін ескерген әкім тіркеуге алынбаған бірқатар азаматтардың бар екенін болжап, келер жылы статистикалық мәлімет бойынша қала тұрғындарының саны 1 миллионға жетеді деп жоспарланып жатқанын айтты.

Мәжілісте Шымкент қаласының бас жоспарының іске асырылуы мен күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жайын баяндаған қала әкімі Ғабидолла Əбдірахымов 2025 жылға қарай  қала халқының саны 1 млн. 200 мыңға жетіп, көпқабатты тұрғын үйлердің қатары 52 пайызға арту керектігін айтты. Бұл мегаполис статусына енудің бірден-бір талабы.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда, қала аумағы 80-нен астам ауыл типтес елді мекеннен тұрады. Оның 70 пайыздан астамы жеке сектор болып отыр. Бұл, әуелі ол жерлерге инженерлік, көлік және басқа да қызмет көрсету нысандарын салуда бюджеттен ауқымды қаржыны қажет етеді. Екіншіден, жерлер тиімсіз пайдаланылған. Осы мәселелерді шешу үшін  қаланың бас жоспары бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар,  жол инфрақұрлымы өзекті мәселелерді оңтайлы шешу, қала аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу басты назарда екенін атап өткен қала басшысы, бұл бағытта қаланың даму тұжырымдамасы жасалынып, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық көлік мәселесі зерделенгенін жеткізді.

Бұл мақсатта «Green Bus» компаниясымен бірлесіп, муниципалды «Шымкент Bus» мекемесі құрылып, жыл соңына дейін 100 жаңа автобус  алу жоспарлануда. Сонымен қатар, көлік тығыны жиі орын алатын 5 жерден жолайрықтар салу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі таңда, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Қаланың көгалдандыру жұмыстарына тоқталған Ғ.Əбдірахымов өткен жылы 100 мың түп ағаш отырғызылса, биыл 112 мың түп ағаш егу жоспарланғанын жеткізді. Биылғы жылдың көктемінде оның 32 мыңы отырғызылып, ал қараша-желтоқсан айларында 72 мың түп жасыл желек егілмек.
Жоғарыда аталған мәселелерге қанық болған өңір басшысы қаланы көгалдандыруды әуежайдан бастау қажеттігіне тоқталып, шаһарды жасыл желекке айналдырып, Шымқала атына лайықты етуді міндеттеді. Сонымен қатар, шаһарға отырғызылатын ағаштар санына емес сапасына және сұрыпына назар аударуды атап өтті.

Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев 2012 жылы бекітілген алғашқы бас жоспарда тұрғын үй қорының 60 пайызы көпқабатты болу керек болса, бүгінде бұл көрсеткіш небары 30 пайызға ғана жеткенін сынға алды. Осыны ескерген әкім Шымкентте баспанасыз жүрген жастарға қол жетімді болу мақсатында әлеуметтік тұрғын үйлерді көптеп салып, қала шетіндегі жасыл белдеудің көлемін 3 мың га-ға дейін ұлғайту керектігін айтты.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

328 рет қаралды

Пікір жазу