24Қыркүйек2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО МӘДЕНИЕТІН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

Сейсенбі, 01 Қараша 2016 06:23

 

 

 

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев мәдениет саласы және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мәдениет саласындағы түйткілді мәселер қаралған кездесуге облысымыздың белгілі ақын, жазушылары мен ғалым, археологтары, суретшілер мен қолөнер шеберлері, композиторлар және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Басқосудың басты мақсаты облыстың мәдениетін республикалық және халықаралық деңгейге көтеру керек екенін айтқан аймақ басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының рухани келбеті мен болмысы, оның мәдениетінен, атап айтқанда, өнер, әдебиет, театр мен ақындық өнер сынды жауһарлардан тұратынын, оның иесі кездесуге келген атпал азаматтар екенін жеткізді.

Жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов салада жыл басынан бергі 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндап, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, есепті мерзімде өңірімізде құрылысы жүріп жатқан жаңа нысандар аяқталып, Сарыағаш ауданындағы 5 ауылдық мәдениет үйі мен клуб және Шардара аудандық музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген. Осы кезеңде облыстағы мәдениет және өнер мекемелеріне қажетті 86 жас мамандармен қатар, 23 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа қабылданған.

«Өңіріміздегі 423 кітапханадағы кітаптар саны 74 мыңнан астам жаңа кітаптармен толықтырылып, жалпы қор 7 млн. 185 мың данаға жетіп, электрондық кітап қоры 17355 дананы құрады. Оқырмандарға қазіргі заман талабына сай сапалы қызмет көрсету үшін «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына - 25 модельді ауылдық кітапхана» атты жобаның аясында Созақ, Түлкібас, Мақтарал аудандарында 7 модельді ауылдық кітапханалар ашылды», - деді басқарма басшысы.

Кездесу барысында облысымыздағы ақын-жазушылар мен профессор-ғалымдар және археологтар тарихи, рухани мұралар жайындағы өзекті мәселелерді ортақ талқыға салып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.  Мәселен, олар өңірдің мәдениетін көтеру мақсатында ұлттық идеологияны қалыптастырып, қазақтың дәстүрлі өнерін дамыту, талантты жастарға қолдау көрсету үшін барлық аудан, қалалардан ақындар мектебін ашу мәселесін, өңірімізде тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерін қорғау және Шымкент, Сайрам қалашықтарын ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу мәселелерін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, облыстағы мәдениет және өнер мекемелерінің бүгінгі  таңдағы жай-күйі мен осы саладағы қалыптасқан проблемалар жөнінде де облыстық театрлардың жетекшілері өз ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде, әкім өңірдің туризм саласы бағыты бойынша үлкен тұжырымдама жасалынып жатқанын атап өтіп, туристерге Түркістанның рухани орталық екенін көрсету қажеттігін айтты.

«Бүгінде киелі Түркістанға туристер келсе кесенеден басқа баратын жер жоқ. Ол туралы деректерді көбірек насихаттау үшін Түркістан қаласынан Ясауидің жеке мұражайы мен ол туралы кейінгі ұрпаққа тереңірек таныту үшін Яссауи мектебін ұйымдастыруды ұсынамын», - деді облыс әкімі.

Зиялы қауымның үлкен миссиясы - ол халықты рухани жағынан байыту екенін айтқан аймақ басшысы салт-дәстүр мен байырғы әдет-ғұрпымызды, ұлттық тағамдарымыз бен қолөнермізді дамыту қажеттігіне тоқталды. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында рухани саладағы әрбір сала мамандарынан облыс әкімі жанындағы ақылдастар алқасын құрып, сол азаматтардың ақыл-кеңестерін тыңдауға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескеріле отырып, мәдениет саласының жұмысын жақсарту бойынша облыс әкімдігінің хаттамасы толтырылды. Бұл ретте, облыс әкімі Ж.Түймебаев әрбір көтерілген кемшіліктердің сапалы әрі мерзімді орындалуы қадағаланатынын ескертті.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

268 рет қаралды

Пікір жазу