19Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МАҚТАДАН МОЛ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

Жұма, 04 Қараша 2016 12:11

 

Шардара мақташылары биыл мол өнім жинады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Ауданда 12 291,2 гектар алқаптан межеленген 33 309 тоннаның орнына 33 806 тонна шитті мақта жиналды.

Аудан диқандары қажырлы еңбектің, агротехникалық талаптарға сай мақтаны күтіп-баптау шараларын өз деңгейінде атқарғанының нәтижесінде жоғары көрсеткішке жетті.

Гектар өнімділігін 27,5 центнерден айналдырған диқандар қауымы осылайша ерен ерліктің үлгісін көрсетіп отыр. Мол өнімге қол жеткізуде Қ.Тұрысбеков, Көксу және Алатау батыр ауылдық округінің мақташылары сүбелі үлестерін қосты. Сондай-ақ, Жаушықұм ауылында тамшылатып суару әдісімен 240 гектарға мақта егіп отырған «Иіржар агро» ЖШС-ы да мол өнім алуға қол жеткізді. Серіктестік диқандары межеленген 960 тонна шитті мақтаның орнына 1224 тонна мақта алып, әр гектардан орташа 51 центнерден өнім жинады.

Көксу ауылдық округіндегі «Тоқай» шаруашылығының төрағасы Асан Әділбеков биыл да гектар түсімін арттырып отыр. Майталман мақташының қарамағындағы 9,5 гектар алқаптың әр гектарынан 61,4 центнер өнім жиналған. Алатау батыр ауылындағы Дүйсен Лесов басшылық жасайтын «Рахымжан» шаруа қожалығы 15 гектар мақталықтан 47 центнерден өнім айналдырды.

Жекелеген мақта терімшілер арасында көксулық Дүйсенкүл Серкебайға ілесетін адам болған жоқ. Жиын-терім науқаны басталғалы Д.Серкебай 20 гектар мақталықтың әр гектарынан 61,2 центнерден мақта теріп, қырманға 123 тонна ақ ұлпа жинады.

Мақташылардың меже жоспарын артығымен орындаған көрсеткіші туралы аудан әкімі Арман Абдуллаев облыс басшысы Жансейіт Түймебаевқа арнайы рапорт жолдады. Қазіргі таңда ауылдық округтерде мақта жинау науқаны толастаған жоқ. Шаруалар алқаптағы өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін уақытпен санаспай еңбек етуде.

334 рет қаралды

Пікір жазу