13Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

СОЗАҚҚА ЖАҢА ЖОБАЛАР ҚАЖЕТ

Жұма, 04 Қараша 2016 13:27

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Созақ ауданында болып, ондағы тұрғын үй құрылысы мен бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы, ең алдымен, аудандағы индустриалды аймақта орналасқан екі ірі кәсіпорынға тоқтады. Онда әкім уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығаратын «UKO-S Star» зауытының жұмысымен танысты. Зауыт жылына 50 мың дана металл бөшке шығаруға қауқарлы. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жыл басынан бері 18 мыңға жуық металл бөшке әзірлеген.

Мұнан соң, жұмысшы топ йодталған ас тұзын шығаратын «Дархан-Ас» зауытында болды. Жылына 9600 тонна өнім шығаруға қауқарлы зауыт жыл басынан бері 2500 тонна ас тұзын өндірді. Жаңадан ашылған кәсіпорын алдағы уақытта өндіретін өнімдерінің көлемін мұнан да арттыруды көздеп отыр.

Қазіргі таңда 14 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт өнімін облыс нарығына шығаруда.

Айту кету керек, қазіргі таңда, Созақтағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталған. Аталған аймаққа өз өтініштерін берген 5 жоба енгізіліп, 4-уі жүзеге асырылуда.

Индустриалды аймақтағы осынау жобалармен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кəсіпкерлермен тілдесіп, жұмыстарына оң бағасын берді. Шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан төменгі пайыздық несиелер мен субсидия сынды үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанына тоқталған əкім жергілікті əкімшілік тарапынан кəсіпкерлікті жандандыруда кедергі келтірілмеуі керектігін ескертті. Бұл ретте, ол таяуда облысымызға тұрғын үй құрылысы мен шағын және орта кәсіпті дамытуды қолдауға келген «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің» еншілес компаниялары біздегі болашағы зор жобаларға қаржы салуға ниетті екенін еске салып, соған сай үздік жобаларды ойластыру қажеттігін жеткізді.    

Жалпы, облыс бойынша бүгінде көлемі 1116 гектар жылыжай бар болса, келер жылы оның көлемі тағы 100 гектарға ұлғаймақ. Бұл өз кезегінде, Оңтүстікте жылыжай кластерін құруға мүмкіндік береді. Осыны меңзеген аймақ басшысы аудандағы пластмасса қалдықтарынан шикізат өндіріп, полиэтилен құбырын шығаратын зауыт өз өнімін тек «Қазатомөнеркәсіпке» ғана бермей, қуаттылығын арттырып, оны жылыжай салуда қолдану қажеттігіне тоқталды.

Мұнан соң, аймақ басшысы Созақтың орталығы - Шолаққорған ауылындағы «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынып жатқан жалдамалы 50 тұрғын үйдің құрылысын көрді. 2015 жылы басталған баспана салу жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ел Құрылыс тобы» ЖШС-і жүргізіп отыр. 

Айта кету керек, бүгінде Созақ ауданында 454 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Тұрғын үй құрылысымен танысу барысында аймақ басшысына осы маңға таяу жерден тағы да жеке сектор үшін жер телімі бөлінетіні баяндалды. Аталған мәселеге қатысты ойын білдірген аймақ басшысы жоғарыда аталған тұрғын үй құрылысы сынды баспаналарды бірдей етіп, ортақ жоспармен салуды тапсырды.

Сапар барысында облыс әкімі Ж.Түймебаев Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған тігін цехының жұмысын да көрді. Онда қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі 15 адам жұмыспен қамтылған. Тігін цехында шаруашылық жұмыстарына қажетті қолғап, төсек жаймалары мен арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Сондай-ақ, мұнда аудан халқына шаштараз бен аяқ киім жөндеу қызметтері көрсетіледі. 

 

 

Жетекшілердің айтуынша, алдағы уақытта мұндағы жұмыспен қамтылатын мүгедек жандардың саны 25-30 адамға дейін жетіп, қосымша, компьютер жөндейтін, пластик терезелерін шығаратын қызмет көрсету түрлері де жұмысын бастайды деп күтілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көпсалалы цехта тігілген киімдерді «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-на қарасты уран өндіретін компаниялар мен аудан халқы және бюджеттік мекемелер тұтынатын болады.

Айта кету керек аудан бойынша 2085 мүмкіндігі шектеулі азамат бар.
Сапар барысында аймақ басшысы аудан активімен кездесіп, Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаевтың жыл басынан бері атқарған жұмыстарының барысын тыңдады.

Баяндамашыдан соң Жансейіт Қансейітұлы аудандағы түрлі бағыттардағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалмағанына назар аударды. Оның ішінде, аудан басшылығы индустрияландыру картасына енуі тиіс жобаларды облысқа ұсынбаған. Мәселен, ауданда 97 мың түп ағаш отырғызу жоспарланса, соның небары 14 мыңы егілген. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында салынуы тиіс 11 нысанның 7-уі ғана бой көтерген. Мұнан бөлек, аудан ҰБТ көрсеткіші бойынша 12-орында. Білім сапасының төмендігіне алаңдаған өңір басшысы денсаулық сақтау, құқыққорғау саласының жұмыстарына да көңілі толған жоқ.

Жиын соңында Ж.Түймебаев аудан басшылығына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Нақтырақ айтқанда, индустрияландыру картасы аясында жобалар ұсынып, шағын және орта кәсіпті дамытуды, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Созақта туризмді дамытып, жол бойындағы сервистік қызметтердің халықаралық стандарттарға сай болуы керектігін, сонымен бірге, тазалық мәселесіне айрықша көңіл бөлуді жүктеді. Оған қоса, аудандағы уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнымен тығыз байланыс орнатып, онда тұтынылатын тағамдардың үлесін жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету үшін жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

315 рет қаралды

Пікір жазу