19Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Сенбі, 05 Қараша 2016 14:11

 

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аймақтың спорт саласы қызметкерлерімен кездесті. Басқосуға облысымыздың спорт ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер және үздік спортшылар, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайын баяндады. Атап айтқанда, есепті мерзімде облыс аумағында 3,5 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 431 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен бірге, салауатты өмір салтымен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 674172 адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың қамтылуы 23,7 % жетіп отыр. Бүгінгі таңда, облыс көлемінде 59 (36 олимпиадалық, 23 олимпиадалық емес) спорт түрлері дамытылып жатса, оғландарымыз ҚР чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 390 алтын, 384 күміс, 377 қола медальға қол жеткізген. Ал Азия чемпионаттарында 19 алтын, 15 күміс және 19 қола медальге ие болды. Осы мерзім аралығында спорт түрлері бойынша өткен Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында 16 алтын, 8 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Отырыста жиынға қатысушылар саладағы бүгінде өзекті болып тұрған мәселелердің жайын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, олар ауылдық жерлерде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға балалар мен жастардың жеткіліксіз дәрежеде тартылуына алаңдады. Сондай-ақ, облыстағы спорт нысандарының тиісті құралдармен жабдықталуының төмендігіне байланысты аталған нысандар мен ғимараттарға қолжетімділіктің жоқтығы және спорт алаңшаларының аздығына наза аударды. Сондай-ақ, спорт жанашырлары басқармаға қарасты облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің медициналық жабдықтармен, фармакологиялық және қалпына келтіру құралдарымен жабдықталмауын, оларды емдеуде күндізгі стационардың болмауын сөз етті. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкімі спорттағы бірқатар салалар бойынша ойын білдіріп, тапсырмалар берді. Спорт нысандарының жоспарлы түрде өз мерзімінде салынатынын ескерткен Ж.Түймебаев қолдағы бар спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, үйірмелердің бағасын қолжетімді ету арқылы оған жастарды көптеп тартуды жүктеді. Аймақ басшысы, әсіресе, спорттың көркем гимнастика түріне қызығушылық білдіріп, жас жеткіншектердің бойына эстетикалық тұрғыдан сұлу саналатын осынау спорттың негізін қалауды тапсырды. Облыс әкімі назарға алған тағы бір мәселе - 4 жыл сайын өтетін халықаралық жазғы Олимпиада ойындарына жарты жыл қалғанда емес, осы бастан дайындалу қажеттігі еді. Бұл ретте, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына түрлі шаралар өткізіп, оның ішінде, ауыл, аймақтардан жарыстар ұйымдастыру арқылы жас таланттарды іздеуді тапсырды. Ал бұқаралық спортты дамытуда өңір басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық сметалық құнын әзірлегенде үй алдынан салынатын құрылғылармен қамтамасыз етілген алаңқайлардың да міндетті түрде кіруі керектігін ескертті. Сонымен бірге, әкім болашақта облыс орталығынан жаңа спорт сарайы мен стадион салыну қажеттігіне көңіл бөліп, бұл жобаны алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

338 рет қаралды

Пікір жазу