"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШЫМКЕНТТЕ 77 МЫҢНАН АСТАМ КҮЗДІК КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

Сәрсенбі, 09 Қараша 2016 17:57

 

 

Бүгін облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен күзгі маусымда Шымкент қаласында отырғызылатын ағаш көшеттері бойынша жиын өтті. Отырысқа Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов пен салаға қатысты жауапты жетекшілер қатысты. 

Жиында қаладағы 4 аудан әкімдігіне қарасты саябақтар мен гүлзарларға, сонымен бірге, елді мекендерді қосатын жол бойлары, мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға және І санатты орталық көшелерге егілетін жасыл желектердің жоспарын баяндаған шаһар басшысы Ғ.Әбдірахымов аталған аумақтарға 77 мың түптен астам жасыл желекті отырғызу жұмыстары екі кезеңмен жүретінін жеткізді.

Қала әкімінің айтуынша, көлемі 22,5 га болатын саябақтар мен гүлзарларға 8 мың түптен астам қырым қарағайы мен шынар, липа отырғызылса, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарына қарасты аумақтарға 22 мың түптен астам қарағаш отырғызылмақ. Жұмыстарды «Шымкент жасыл қала» мемлекеттік мекемесі жүргізетін болады.

Күздік көшеттерді отырғызу жұмыстары, сондай-ақ, Шымкенттегі орталық даңғылдар мен көшелерге де жүргізілмек. Атап айтқанда, қаладағы Темірлан тас жолы, Арғынбеков көшесі, Қонаев даңғылы, Бәйдібек би даңғылы сынды 21 орталық көшеге 47 мың түпке жуық жасыл желек егіледі. Шаһардың сәніне көрік беретін мұндағы ағаштардың дені туя (боз арша), легуструм, қарағаш, қырым қарағайы, каштан, терек, форзиция, клен сынды ағаштардың көшеттерінен тұрады.

Облыс орталығы – Шымкентті көгалдандыру жұмыстары аясындағы мәліметтерге қаныққан Жансейіт Қансейітұлы жасыл желектердің өңір климатына сай болуы керектігіне назар аударып, аптап ыстықта сая болатын қылқанжапырақты ағаштарды көптеп егуді тапсырды. Көшеттердің басым бөлігін Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» тұқымбағынан алуға нұсқау берген аймақ басшысы әр аптадағы сенбілік кезінде жоспардағы күздік көшеттерді отырғызып үлгеруді тапсырды. 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

358 рет қаралды

Пікір жазу