17Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА VII АЗАМАТТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Жұма, 11 Қараша 2016 18:07

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарының облыстық VII Азаматтық форумы өтті. Шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиын басталардан бұрын ұйымдастырылған үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін көрді.

Азаматтық форумда сөз алған аймақ басшысы бүгінде қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес сектор, белсенді және бастамашыл азаматтарсыз біздің мемлекеттілігіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын көзге елестету мүмкін еместігін айтты.

«Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданып, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық деңгейлерде қоғамдық кеңестер құрылған. Осындай ұйымдардың құрамына қоғамның түрлі саласының мүддесін білдіретін бірлестіктердің 80-ге жуық жетекшілері енгізілген. Бұл Ата заңымызда көрсетілген азаматтық қоғамды дамытуға деген мемлекеттің кезекті бір қадамы деуге болады», - деді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге, өз сөзінде өңір басшысы азаматтық қоғамды дамыту үшін бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, әкім аймақтағы қоғамдық-саяси тұрақтылық пен толеранттылықты тереңдетіп, халықты әлеуметтік қорғау, оның ішінде, әсіресе, қоғамның әлсіз топтарына көмек беруді айтты. Сонымен қатар, Жансейіт Қансейітұлы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлт аралық қатынаста әдептілікті сақтау қажеттігіне тоқталып, діни экстремизм мен терроризмге бірлесе қарсылық таныту керектігін жеткізді.

Мұнан соң, алқалы жиында облыстағы белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталып, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің жеңімпаздары құттықталды. Сондай-ақ, VII Азаматтық Форумға келген делегаттардың тізімін бекітілді.

Айта кетейік, облыстағы қоғамдық ұйымдардың саны 2000 жылдары 400-ге жуық болса, 2016 жылы олардың саны 1200-ді құрап, яғни 67 пайызға өсіп отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсету үшін төмендегі көрсеткішті айтсақ. Егер 2006 жылы облыстық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға 6 миллион теңге бөлінген болса, ал бүгінде 540 миллионнан астам теңге қаржы қаралған. Осыған байланысты облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша бастапқыда 1 ғана облыстық басқарма (облыстық ішкі саясат басқармасы) жұмыс істесе, бүгінгі күнге үкіметтік емес ұйымдармен аудан, қала әкімдіктерімен қатар 5 облыстық басқарма жұмыс істейді.

Қоғамдық бірлестіктер бойынша ең либералды заң біздің мемлекетіміздің еншісінде. Көршілес мемлекеттерде тиісті органдарға бір рет есебін бермеген қоғамдық ұйымдарға оларды жабу процедурасын қолданады.

Әлеуметтік міндеттемелердің бір бөлігін азаматтық қоғамның өз міндетіне алуы өркениетті әлемде қалыпты құбылыс болып саналады.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

358 рет қаралды

Пікір жазу