"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ ШЫМКЕНТТІК ӘРБІР ТҰРҒЫНДЫ АҒАШ ЕГУГЕ ШАҚЫРДЫ

Сенбі, 12 Қараша 2016 14:29

 

Бүгін Шымкент қаласындағы 17 шағын ауданында орналасқан гүлзардың қайта құру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Егемендігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына орай, ел игілігіне берілген демалыс орнының ашылу салтанатына облыс əкімі Жансейіт Түймебаев пен қала əкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. 

 

 

Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген өңір басшысы барша шымкенттіктерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, қаламызды жасыл желекке айналдыру үшін шымкенттік әрбір тұрғынды бір тал ағаш егуге шақырды.

«Бұл жер Сіздердің сүйікті демалыс орындарыңызға айналатынына сенімім мол. Халықтың тынығуына жағдай жасау мақсатында қалада көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, көптеген демалыс орындары қайта жөндеуден өтіп жатыр. Осы сұлулықты сақтап қалу үшін тұрғындардың да көмегі қажет. Менің әкем зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі ғұмырында 3 мың терек еккен. Сондықтан, әр қайсыңыздың қаланың жасыл желекке айналуына үлес қосуларыңызды сұраймын және бірлесе жұмыс жасауға шақырамын»,- деді Ж.Түймебаев өз құттықтау сөзінде. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үстіміздегі жылдың тамыз айында басталған жөндеу жұмыстары қараша айында толығымен аяқталды. Жалпы аумағы 1 гектардан асатын демалыс орнының құрылыс-жөндеу жұмыстарының жалпы сомасы 58,4 млн.тг құрады.

Жобаны іске асыру аясында жолаяқтарды жөндеу, қалытқылы орындықтарды, қоқыс жəшіктерін, жарықтандыру бағаналарын орнату, көгал төсеу, ағаштар отырғызу, суару жүйесін жүргізу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрған субұрқақтар қайта жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Іс-шара барысында қосымша 17 қарағай және емен 2 отырғызылды.

Жандарбеков көшесі бойынан ашылған ашық алаңды жөндеуге 58,4 млн. теңге жұмсалған. Жалпы аумағы 1 гектардан асатын демалыс орнын іске асыруда жолаяқтар жөнделіп, қалытқылы орындықтар, қоқыс жəшіктері мен жарықтандыру бағаналары орнатылды. Сонымен қоса, көгалдандыру және суару жүйесі жүргізіліп, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрған субұрқақтар қайта жөндеуден өткізілді. Осылайша, Шымкентке көрік беретін демалыс аймақтарының саны артты.

Айта кету керек, Шымкент қаласында бүгінде көлемі 160 га құрайтын 8 саябақ пен 30 сквер бар. Олардың бірқатары - «Мәртөбе», «Наурыз» саябақтары жөндеуді қажет етсе, шаһардағы ескі қоқыс орнын саябаққа айналдыру жұмыстары да жоспарда бар. Алдағы уақытта «Қарасу» және «Шымтөбе» скверлеріне де қайта құру жұмыстары жүргізілетін болады.

Осы күні аймақ басшысы Ж.Түймебаев Шымкенттегі ескі шаһар аумағын қайта қалпына келтіру бойынша жасалынған «Шымкент қалашығы» этно-мәдени кешенінің жобаларымен танысты.

Көне қаланың территориясындағы қазба жұмыстарын жалғастырып, әрі оны тиімді пайдалану бойынша әзірленген тұжырымдамамен танысқан аймақ басшысы аталған жоба аясында жұмыстарды толықтырып, жобалық сметалық құжаттарын дайындап, келісімдер жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, суретшілер үшін шеберхана салу да осы маңнан ұйымдастыруға болатынын ескертіп, киелі тарихи орындар мен кесенелердің макеттерін орналастыру қажеттігін айтты.

Көне Шымкент шаһарының нақ осы маңнан басталатынын айтқан өңір басшысы бұл мекен туристердің көптеп келетін орталығына айналуы тиістігін, қала сол талаптарға сай сұлу да, таза болуы керектігін жеткізді.

Айта кетейік, аталған жоба іске асқанда төбешіктің айналасында сауда, ойын-сауық орталығы мен музей, мұз айдыны, лекция залдары мен шеберхана және әмбебап көрме залдары салынады деп күтілуде.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

213 рет қаралды

Пікір жазу