"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«ҚАРТАЙҒАН» АУЫЛ КӨП

Сейсенбі, 15 Қараша 2016 15:16

 

«Еліміздегі кейбір ауылдар «қартайып» барады». Оңтүстік баспасөз клубында журналистермен кездескен «Ұлы дала ауылы – ұлт қазынасы» экспедициясының мүшелері осылай деді. Айтып өту керек, бұл ұжым 8 жылдан бері ауыл-ауылды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып келеді. Шалғайдағы елдімекендердің жай-күйін жақсы білетін топ мүшелерімен Мақсұт Айтжанов кездесіп, сұхбат құрды.

Елімізде 7 мың 322 елдімекен бар. 8 жылда соның басым бөлігіне бардық, - дейді экспедиция жетекшілерінің бірі Ертай Айғалиұлы. Оның айтуынша, әсіресе, солтүстіктегі кейбір ауылдардан ажар кете бастаған. Түтіні азайған ауылдардың мектебіне қара құлып та салынған. Бұл туралы экспедиция ұйымдастырушылары - «Қазақстан Заман» газетінің тілшілері аз айтпады. Жазылған жайттың жаңғырығы бар.

Ертай Айғалиұлы, «ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» газетінің бас редакторы

Ең алғаш көтерген кезде 100-ден астам проблемалар болды. Қазір енді жылдан жылға мемлекеттің қамқорлығының арқасында ол проблемалар азайып келе жатыр. Жол азабын алғашқы жылдары қатты көрдік. Енді соңғы жылдары ол жөнделді.

Айтып өту керек, басында тек «Қазақстан Zaman» газеті мүдделі болған экспедиция құрамында қазір ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері мен бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен саяси ұйым мүшелері де бар. Барлығы сапар барысында облыс орталығынан алыс ауылдарға барып, жұртпен жүздеседі. Халықтың көкейіндегісін тыңдап, оны жоғарыға жеткізеді.

Сәуле Мешітбайқызы, «ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» ЖШС-і бас директорының бірінші орынбасары

Солтүстік Қазақстанда арақ ішпейтін ауыл бар екен. Бір емес, екі ауыл. Осыдан үш жыл бұрын бүкіл Қазақстанға үндеу тастадық Ертай екеуміз. Мінекей, сол ауылдың саны көбеюде. Соны бірінші ашып, бірінші көрсеткен біздің газет болды.

Күні бүгінге дейін 13 өңірді аралаған экспедицияның ендігі сапары Жамбыл облысында жалғасады. Ал, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астанада көрген-білген, жиған-терген мәліметтер бойынша қорытынды жасалады.

176 рет қаралды

Пікір жазу