"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Сейсенбі, 22 Қараша 2016 12:25

 

Облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Онда қысқа дайындық барысы мен төтенше жағдайлардың алдын алу жайы қаралды.

Кездесу барысында ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н.Дербісов аталған департаменттің жедел-қызметтік жұмысын баяндады.

Оның айтуынша, 10 айда облыс аумағында 1070 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға төмен. Ал дабыл бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің  күштері 5953  рет шыққан. Оның ішінде: 111 рет авариялық-құтқару, 60 рет іздестіру-құтқару жұмыстары болса, 106 адам құтқарылып, төтенше жағдайлар аймағынан 1276 адам эвакуацияланды, ал  9 адамға медициналық көмек көрсетілді.

Жиында қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша да атқарылған жұмыстар жайын баяндаған азаматтық қорғау подполковнигі «Қыс-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу кезінде облыс бойынша республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін жол техникаларының дайындығы тексерілгенін атап өтті. 

«2016 жылғы 21  қарашада мамандар облыстық жолдардың қауіпті учаскелерін қарап шықты.   Бәйдібек ауданындағы «Ұланбел-Созак-Шаян-Екпінді» облыстық жолының 606-шақырымында «Одаман бұлақ» асуы, Қошқарата-Жарыкбас-Бірлік» жолының 128-шақырымында «Шыбықбел» асулары орналасқан. Бұл бекеттер толығымен төсек орындарымен және көмірмен қамтамасыз етілген. Әрбір пунктке 10 тоннадан көмір жеткізіледі. Жолдарда «Жылыту бекеті» белгілері орнатылған», - деді Н.Дербисов.

Жалпы, қыс мегілінде 4330,3 шақырым облыстық жолдарға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 1943,3 шақырым жолдар бірінші кезекте қардан тазаланса, 433 шақырым жол қауіпті учаскелер аймағына кіреді.   Сондай-ақ, қауіпті жолдардың төрт бағытында ОҚО ТЖ департаментінің жоғары өтімді техникасы бекітілген, олардың жалпы саны 63 бірлікті құрап отыр.

Ал, облыс бойынша 7 асу, 10 жылыту бекеттері бар. Олардың дайындығын ТЖ қызметкерлері жол қызметінің өкілдерімен бірлесіп тексереді.
Қысқа дайындық барысын тыңдаған облыс әкімі қыс мезгілінде инертті материалдар қорының жеткілікті болуын және техникалардың үнемі дайындықта тұруын жүктеді. Сонымен қатар, облыстық асуларда орналасқан жылыту пункттерінде қатты отынның жеткілікті көлемде қамтылуын қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаевқа тапсырды.

Сондай-ақ, әкім Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі  Н.Дербісовке қыс мезгілінде метеорологиялық құбылыстарға дайын болуды, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

197 рет қаралды

Пікір жазу