26Маусым2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДА ЖЕҢІЛ АВТОКӨЛІКТЕРДІ ӨТКІЗУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Сәрсенбі, 30 Қараша 2016 14:27

 

 

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен, өңір басшысы Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Агрофуд-Қазақстан» ЖШС-нің бау-бақша алқабын көріп, алғашқы көшетті отырғызды.Биылғы жылы 280 гектар жерге жаңа технологиямен қарқынды бау өсіруді қолға алған серіктестік келер жылы өнім алуды жоспарлап отыр. Жобаның  инвестиция көлемінің жалпы құны 3 млрд. 400 млн. теңге.

Серіктестік  басшысының айтуынша, бірінші жылы гектарына 10 тонна өнім алу көзделіп, 4 жылдан кейін 1 гектарына 40-50 тонна  өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер алдағы жылдары өсірілген жемістерді сақтайтын тоңазытқыш қойма салуды және өнімдерді қайта өңдеу жұмыстарын қолға алмақ. Тамшылатып суару әдісі қолданылатын бауда жергілікті 200-ге тарта азамат жұмыспен қамтылатын болады.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев аудандағы барлық кеден бекеттері маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын баяндады. Күніне 10-15 мың жолаушы өтетін кеден бекетінде келушілер үшін барлық жағдай жасалу қажеттігін айтқан облыс әкімі көрші елмен қарым-қатынастың одан әрі жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы жеңіл автокөліктер өткізу мәселесі шешілгенін, алдағы уақытта автобустар қатынасы да шешімін табатынын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында әкім бастаған жұмысшы топ «Жабай ата» шаруа қожалығына қарасты жылыжай жұмысын көрді. Заманауи озық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындарды сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырғанын айтқан шаруа қожалық иесі жергілікті 75 азаматты жұмыспен қамтыған.

Оның айтуынша, бүгінде мұнда 450 мың көшет отырғызылып, оның әр түп көшетінен 4-6 келіге дейін өнім алынуда. Көлемі 15 гектер болатын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Өндірілген жалпы өнім 2250 тонна, ал өнімдер Қазақстан нарығы мен  Ресей федерациясына жіберілуде.
Осы күні Ж.Түймебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай, пайдалануға берілген сыйымдылығы  100 мың томға дейін жететін орталық кітапхананың ашылу рәсіміне қатысты. Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген әкім барша сарыағаштықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

Аталған мәдениет нысанында оқырмандар мен қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. 7 мыңға жуық оқырманы бар кітапханада бүгінде 47 мың кітап қоры бар. Жаңа кітапхана ғимараты екі қабатты. Үш оқу залы мен кітап қорын сақтайтын 1 зал және қызметкерге арналған 7 бөлме бар. Айта кетейік, жалпы аудан бойынша кітап қоры 632 мың болатын 57 кітапхана халыққа қызмет етуде.

Сарыағаш ауданына жасаған сапарының соңында облыс әкімі жергілікті активпен кездесіп, ауданның даму басымдықтарын талқылады. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатындағы жобаларымен бөлісті.

Жиында Жансейіт Қансейітұлы шешімін таппай отырған мәселелердің де бар екенін атап өтіп, оны ашық айтып, шешу жолдарын қарастыруды ескертті. Мәселен, индустрияландыру картасы аясында ауданда 1,7 млрд.теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылса, оның ішінде «Сарыағаш құс» кәсіпорыны тоқтап қалған. Ал құрылыс заттарын шығаратын «С-Дем» кәсіпорны 50 пайыз қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр. Аудан әкімдігі тарапынан кәсіпорындарға мониторинг жүргізу жұмыстары өз деңгейінде атқарылмағанын айтқан аймақ басшысы биыл аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі  9 пайызға, өндеу өнеркәсібі 14 пайызға кемігенін атап өтті.

Сонымен қатар, әкім білім, денсаулық сақтау, құқық бұзушылық бағыттарында да тиісті жұмыстардың жүргізілмегендігінен көрсеткіштердің төмен екенін, осы саладағы жұмыстарды барынша жандандыру қажеттігін ескертті. Шипалы суымен танымал ауданға еліміздің барлық облыстарынан және шетелдерден көптеген туристер мен демалушылар келетінін мысал ретінде келтірген Ж.Түймебаев ондағы санитарлық тазалық пен ретсіз саудаға және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

«Ауданда қоқыс тастайтын 26 орын белгіленген, алайда, аудан әкімдігі тарапынан жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты, елді мекендерде  бей-берекет қоқыс орындары көптеп орын алуда. Сонымен қатар, мұндағы проблемалардың бірі ретсіз орналасқан базарлар.  Мәселен, аудандағы 13 базардың 7-уі заң талаптарына сәйкес келмейді»,- деді облыс әкімі.

Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданының мүмкіндігі кейбір аудандармен салыстырғанда өте жоғары екенін айтып, осы әлеуетті барынша пайдалана отырып, аудан экономикасын көтеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

166 рет қаралды

Пікір жазу