"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШЫМКЕНТТЕГІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Сәрсенбі, 30 Қараша 2016 14:40

 

Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты үш көпқабатты үйлердің аулалары қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді.

Тұрғындардың қуанышымен бөлісе барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов барша шымкенттіктерді мерейлі қос мереке - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және «1 желтоқсан  - Тұңғыш Президент күнімен» құттықтады.

«Халыққа ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қалада ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мәселен, шаһардағы  көпқабатты 1020 тұрғын үйдің  829-ндағы аулалар жөнделіп, 334 үйдің ауласына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ал 686 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына электр бағаналарын орнату жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда»,-деді облыс әкімі.

Осынау жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқан дүние екенін айтқан аймақ басшысы қаламыздың тазалығы мен оны күтіп ұстау  тұрғындардың да міндеті екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай,  «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 80-нен астам көпқабатты тұрғын үйдің ойын алаңдары қайта жөнделіп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Халық игілігі үшін жасалып жатқан барлық әлеуметтік жағдайлар мемлекет тарапынан көрсетіліп отыр. Шымкент шаһарында да талай уақыттардан бері қордаланып шешілмей келген мәселенің бірі – осы ауланы жаңарту ісі еді. Енді қаланың өңі жаңарып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

185 рет қаралды

Пікір жазу