17Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШАРДАРАДА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Сәрсенбі, 07 Желтоқсан 2016 15:49

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Шардарада жаңадан бой көтерген спорт кешені салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов барша шардаралық тұрғынды мерейлі мерекемен құттықтап, заманауи үлгідегі спорт кешенінің ел игілігі үшін жұмыс істеуіне тілектес екенін жеткізді.

Жаңа ғимаратта №2 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасып, жұмыс жүргізеді. Мұнда бокс, қазақ күресі, дзю-до, грек-рим күресі, еркін күрес, таэквон-до, жеңіл атлетика, футбол және шахмат спорт түрлері бойынша 1200 жас спортпен жаттықпақ. Спорт кешенінің ғимаратында облыстық деңгейден бастап, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылатын болмақ.

Ресми түрде пайдалануға берілген жаңа спорт кешенінде осы күні алғашқы ойындар басталып кетті. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Оңтүстік Қазақстан облысының кубогы үшін турнир ұйымдастырылып, оған Шымкент қаласы мен басқа да аудандардан жас палуандар келіп қатысты. Тартысты өткен палуандар сайысында Шардара ауданының спортшылары командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орынды Түркістан қаласының жас палуандары еншілесе, ІІІ орынды Шымкент қаласынан келген спортшылар иеленді.

Жеңімпаздар сый-сияпатпен марапатталып, І орынға 300 мың, ІІ орынға 200 мың, ІІІ орынға 100 мың теңге жүлде тапсырылды.
 

 

Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі

346 рет қаралды

Пікір жазу