"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МАҚТААРАЛДАН ӨЗБЕКСТАНҒА ҚАТЫНАЙТЫН ЖОЛ АШЫЛАТЫН БОЛДЫ

Жұма, 06 Қаңтар 2017 17:13

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев пен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша Елшісі Ильхом Неъматов кездесіп, қос мемлекеттің туыстық қарым-қатынасын одан әрі жақсартып, дамыту жайын талқылады. Жиынға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Өңірімізге арнайы іссапармен келген мәртебелі меймандарға алғысын жеткізген облыс әкімі бүгінгі кездесудің жемісті боларына сенім білдіріп, жұмыс тобына сәттілік тіледі.

Күн тәртібінде Өзбекстанның Мақтаарал ауданының территориясында орналасқан М-39 автожолын (887,8 шқ. - 911,9 шқ.) қайта жаңартып пайдалану жайы қаралып, аталған учаскеден өткізу бекетін салу мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін 89 шақырым жолды жүріп өтіп, Ташкенттен Самарқанға Жыззақ арқылы айналып өтіп қатынаған тұрғындар енді 24,5 шақырымды басып өтіп, мақсатты мекенге бара алатын болады.

«Автожол қайта жаңарып, пайдалануға берілгенде 65 шақырымдай жол қысқарады. Бұл қос мемлекет халықтарының туыстық қарым-қатынастарын одан әрі нығайтып, арадағы сауда-саттық пен туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Өзбекстан астанасы Ташкент пен Оңтүстік Қазақстан облысының байланысы күшейе түседі деген үміттемін», - деді ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Мылтықбайұлы.

Е.Өтембаевтың айтуынша, шекаралық аймақта арнайы бекет салынып, тауар айналымына бақылау күшейгенімен, салық салынбайды. Қайта жаңғырған автожол 2017 жылдың ақпан айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Түс ауа жұмысшы топ аталған жоба бойынша екіжақты келісімге келіп, арнайы протоколға қол қойды. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша елшісі И.Неъматовтың арасында түзілген құжат халықаралық экономикалық байланысты нығайтып, тауар айналымын жақсартуға сеп болады деген сенім бар. Аталған мәселе бойынша Қазақстан тарапынан жасалған жан-жақты қолдауларға алғысын білдірген өзбек елшісі бұл қадамның көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыратын жақсы бастама екенін атап өтті. 

Еске сала кетейік, көршілес мемлекеттің Мырзашөл арқылы өтететін М-39 автожолы 2006 жылы жабылып, жергілікті тұрғындардың барыс-келісін қиындатқан еді. Енді жаңадан түзілген протокол бұл мәселені оңтайлы шешіп, қарым-қатынасты тереңдететіндігі анық.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

309 рет қаралды

Пікір жазу