17Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШЫМКЕНТТЕ «ШАТҚАЛ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 5 САЯБАҚ САЛЫНАДЫ

Сенбі, 14 Қаңтар 2017 19:14

 

Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен «Шатқал» бағдарламасы аясында жаңа демалыс орынның капсуласы салынды.  Келешекте халқымыз тынығып, серуендейтін саялы баққа «Шымсая» деп атау берілді.

Шымкенттегі Тассай тұрғын үй алабының маңында орналасқан 25 га шатқалды көгалдандыру мақсатында құрылған демалыс аймағында бүгін 1 мың түп ағаш отырғызылды.

Көгалдандыру жұмысына өңір басшысымен бірлесе сол елді мекеннің тұрғындары, жастар, жоғарғы оқу орнының студентері мен ұстаздары және БАҚ өкілдері боз арша,  талшын шаған, емен, катальпа, аққайың ағаштарын егіп, қаламыздың гүлденіп, көркейуіне өз үлестерін қосты.

Аталған демалыс орындары өңір тұрғындарының таза ауада тынығып, демалуы үшін жасалып жатқанын айтқан әкім оның тазалығы мен дамуына бірлесе күш салу қажеттігін атап өтті. «Алдағы уақытта демалыс аймағына 6 мың түп ағаш көшеттері мен балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, вело жолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі, спорттық жаттығу алаңдары салынып халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек биыл қалада тағы осы сынды 4 жерді абаттандырып, саябаққа айналдырамыз. Сонымен қатар, «Шатқал» бағдарламасы аясында 16 мың гектардан астам алқапты құрайтын қаланың жасыл белдеуін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз»,-деді Ж.Түймебаев.

Еліміздегі тың жобалардың бірі болып табылатын  бұл бағдарламаның басты мақсаты - қараусыз қалған шатқалдарды халық демалатын саябаққа айналдыру. Бұл әдіспен салынған саябақтарды әлемнің өркениеті дамыған елдері табиғи ландшафты сақталған деп жоғары бағалап, сүйікті демалыс аймақтарының біріне айналдырған.

Мұндай сай-салалар негізінен қаланың сыртқы аумағында көптеп кездеседі. Осы ретте қаланың дамуы кенжелеп қалған шеткі аудандарын аталған бағдарлама аясында абаттандырып, саябаққа айналдыру жұмыстары басталып кетті. Бұл өз кезінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілетін Шымкенттің тұрғындары үшін өте ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар, саябақта серуендеп қана қоймай, мәдени кештер ұйымдастырылып, ашық аспан астындағы амфитеатр қойылады.

Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес қала аумағына жаңадан елді мекендер қосылып, халықтың саны артты. Сондықтан қаланың экологиялық ахуалы мен ішкі туризмін жақсарту және қараусыз жатқан сайларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірде  «Шатқал» бағдарламасы әзірленді.

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған тың жоба бойынша алдағы уақытта қалада 600 гектар шатқалды жер демалыс  орындарына айналдыру жоспарлануда. Осы жылы бірінші кезеңдік жұмыстар шеңберінде қолға алынатын 5 шатқалдың (97 гектар жерді құрайды) біреуі бюджет қаржысы есебінен көгалдандырылып, сая жерлерге айналдырылса, қалғаны   демеушілер есебінен жүзеге асырлатын болады. Осы іспеттес абаттандыру жұмыстары қаладағы «Самал-3», «Нұрсәт», «Достық» (оң жақ және сол жақ) шағын аудандарында  жүргізіледі.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

525 рет қаралды

Пікір жазу