"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАҢАРУҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛДАУ ЖАҢА МІНДЕТ ЖҮКТЕЙДІ

Сейсенбі, 07 Ақпан 2017 04:53

 

Бүгін Қазақстан Республикасының Үкіметінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Жиынға министрлер мен облыс әкімдері, жалпы салаға жауапты жетекшілер қатысты.  

Күн тәртібінде ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген даму басымдықтарын орындау бойынша жалпыұлттық жоспар ұсынылды.

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов бес басымдықтан тұратын осынау жоспарды таныстырып, бірінші басымдық - жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу аясында цифрлық индустрияны, экономиканың негізгі салаларының технологиялық қайта жарақталуын дамытуға бағытталса, екінші басымдық - бизнес ортаны түбегейлі кеңейту және жақсартуға арналатынын жеткізді. Министрдің сөзінше, үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық аясында жүзеге асырылса, төртінші басымдық – адами капиталды дамытуға, бесінші басымдық – институттық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталмақ.

Өз кезегінде, сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының таяуда жариялаған Үндеуі мен Жолдауы бұл шешімнің еліміздің дамуындағы саяси маңызды парасатты қадам екеніне тоқталып, оны жүзеге асырудағы барлық басымдықтарды жоғары деңгейде атқару баршаның міндеті екенін жеткізді.

«Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына  бастайтын сенімді көпір болмақ», - деген пікір білдірді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге, Үкімет отырысында ҚР Үкіметінің жұмыс жоспарының жобасы мен жер заңнамасына енгізілген өзгерістер жайы қаралды.  

Селекторлық отырыстан соң, облыс әкімі өңіріміздегі барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына, сонымен бірге, салалық түрлі жетекшілерге осынау саяси құжаттардағы әрбір міндетті мерзімінде әрі сапалы орындау қажеттігін айтып, оның орындалу барысын өзі жіті бақылайтынын ескертті.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

424 рет қаралды

Пікір жазу