"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА ЖАСТАРДЫ БІРЛІККЕ БАСТАЙТЫН «ДОСТЫҚ» КЛУБЫ АШЫЛДЫ

Дүйсенбі, 13 Ақпан 2017 10:14

 

 

Оңтүстік Қазақстандағы 20-дан астам этнос өкілдері білім алып жатқан облыстық политехникалық колледжінде «Достық» клубын ашты.

Жастардың этникалық мәдениетіне және діни ұстанымына қарамай, өзара сыйластықты қалыптастыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды көздейтін ұйымның құрылуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болды.

Іс-шараға ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облысымыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар ұйымдарының төрағалары мен студенттер қатысып, клубтың алда атқарар жұмыстарын талқылады.

Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовтың айтуынша, алдағы уақытта «Достық» клубтары облысымыздағы барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ашылмақ. Клуб болашақта өңірдегі  жастар ұйымдарымен бірлесе отырып қазақстандық патриотизмді, «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын насихаттауға атсалысады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен жастар арасында ашық пікір алаңын құру арқылы жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуды жоспарлап отыр.

Достығы мен бірлігі жарасқан Қазақстанның этностық ұйымшылдық мәселесіне аса көңіл бөлу саясаты – мемлекет ұстанған сара жол. Сондықтан жаңадан тұсауы кесіліп отырған «Достық» клубы жастар арасында жалпыұлттық бірлік пен достықты нығайтуға өзінше үлес қосатын орын болмақ.

447 рет қаралды

Пікір жазу