"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Дүйсенбі, 20 Ақпан 2017 14:53

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен облыс аумағында көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары бойынша ОҚО төтенше жағдайлар департаменті қызметі мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті.

Жиында өңірдегі су қоймалардың ахуалы, көктемгі су басуға, сел, қар көшкіні және сырғымалардың алдын алуды қамтамасыз ету бойынша дайындық іс-шаралары қаралды.

Онда ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н.Дербисов бүгінде су тасу қаупі бар деген Шардара, Көксарай су реттегіші және облыс аумағынан өтетін Сырдария өзеніне зерттеу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.

Зерттеу нәтижесінде Шардара су қоймасына 4 млрд.077 млн. м3 су жиналғаны анықталған. Толуы 78% -ды құрап отыр. Тәулігіне келіп жатқан  1500 текше метр суды есепке алғанда,  су толу қаупі бар. Қойма толған уақытта артық су Сырдария өзеніне тастау жоспарлануда.

Осы ретте, «Қазсушар» РМК ОҚО филиалының директоры М.Егенов Казгипроводхоз мекемесі 28 ақпанға дейін Шардара су қоймасына 5 млрд. 200 м3 су жинауға рұқсат беруі мүмкін екендігін айтты.

«Апта ішінде Төтенше жағдайлар департаментіне 3 дауылды ескерту түскен. Ол бойынша қала, аудан әкімдеріне жоғары әзірлік режиміне өту және аумақты дайындыққа келтіру жөнінде нұсқаулық хаттар жолданып, радио, телеарналар мен ұялы телефонға СМС хабарлама арқылы халық құлақтандырылған»,-деді Н.Дербисов.

Мәжілісте сөз алған өңір басшысы күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша әр ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, әкім жауын-шашын кезінде арық-атыздар арнасынан тасып, кейбір көшелерді су басатынын. Бұл шаһардағы ирригациялық жүйелердің дұрыс істемейтіндігінің салдарынан орын алып отырған жағдай екенін айтты.

Осы тұста Ж.Түймебаев қала әкіміне Шымкентке қосылған елді мекендердің картасын әзірлеп, арық атыздар салу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуді  тапсырды. Сонымен қатар, облыс пен қалаға шаһардың ирригациялық жүйесін реттеу мақсатында арнайы карта схемасын дайындауды жүктеді.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы өзендер мен су қоймаларына күнделікті мониторинг жүргізіп,  қатаң бақылауға алуды. Төтенше жағдайлар орын алған кезде мәліметтер шұғыл түрде облыс әкімінің аппаратына және төтенше жағдайлар департаментіне ұсынуды. Су қоймаларының қауіпсіз толтыру режимінің сақталауын қамтамасыз етуді және аудан, қалалардың қауіпті аймақтарындағы қорғаныс бөгеттерін тексеруді. Төтенше жағдай орын алуы мүмкін айм¬ақтардағы халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өзендерден бастау ал¬атын арналарды шұғыл тазалап, кез келген жағдай үшін қажетті құралдардың дайын болуын тапсырды.

Сондай-ақ, әкім төтенше жағдай кезінде әрбір үйді сақтап қалу жағдайын қарастыруды назарға алып, көктемгі су тасқынын болдырмаудың барлық мүмкіндігін қарастыру қажеттігін осы салаға жауапты орынбасары Ж.Бөкенбаевқа міндеттеді.

«Казгидрометтің» хабарлауынша, алдағы бір айда облыста жылылық +15 градусқа дейін көтеріледі. Ал таулы аймақтарда 1,5 метрге дейін қар жатыр. Бірақ қардың күрт еру қаупі жоқ.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

1075 рет қаралды

Пікір жазу