12Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«БІЗДІҢ КЕМШІЛІГІМІЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА ТЫМ АРҚА СҮЙЕП КЕТКЕНДІГІМІЗ...»

Жұма, 24 Қазан 2014 18:23

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны алдағы 2-3 жылда біршама бәсеңдеп, тіпті қиындықтарға тап болуымыз мүмкін екендігін ескертті. Президенттің айтуынша ол, әлемдегі экономикалық тұрақсыздыққа байланысты туындауы мүмкін. Сондықтан да мемлекет басшысы Үкіметке бюджеттің шығыс бөлігін қайта қарауды тапсырды. Аталмыш тапсырма ең алдымен елдегі әлеуметтік ахуалдың нашарламауының алдын алу мақсатын көздейді. Яғни, жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мөлшері қазіргіден төмендемеуін қадағалау екенін Елбасы қадап айтты. Алдағы жылдарға экономикалық болжамдар жасайтын сарапшылардың пікірінше, бәрі де макро және микроэкономикалық жоспарға байланысты болмақ. Белгілі экономист Бейсенбек Зиябеков мырза өз сараптамаларымен бөлісті...


 

ЖЕБЕ: Ел экономикасының аяғына не тұсау болады деп ойлайсыз ?

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ: Қазақстан экономикасы шикізат көздеріне байланып қалған. Сондықтан әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасы төмендеген сайын, біздің экономикамыздың да даму қарқыны төмендей бастайды. Бір ұшы мұның саясат екенін ескерсек, ахуалдың ертең қалай өзгерерін ешкім де дөп басып айта алмайды.  Әрине, қазіргі жағдайымызды 90-шы жылдармен салыстыруға келмейді, қорымыз біршама жиналып қалды. Бірақ, қазіргі уақытта «қара алтын бағасы тұрақталса, біздің де жағдай жақсарады» деп қол қусырып отыруға мүлдем болмайды. Экономикалық үнем мәселесіне алдымен мән бергеніміз жөн. 20 жыл бойына нарықтық экономикаға көштік деп жар салып келеміз, алайда ол үлкен қиындықтарды басымыздан өткізуге мәжбүрледі. Өкініштісі, біздің үкімет басындағылар, мұны таза нарықтық экономика деп есептейді.

ЖЕБЕ: Алдағы 2-3 жылда экономиканың қандай секторларын дамытсақ, тығырықтан қиналмай шығамыз? 

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ: Экономикалық даму моделіміз ұлттық қалпымызға тән бе, жоқ па соны айқындап алуымыз керек. Алдымен, жоғарыда айтқан шикізатқа тәуелділіктен құтылу керек, ең болмаса үлес салмағын азайтуға қол жеткізілсе. Екіншіден, ауыл шаруашылығын дамытуымыз тиіс, яғни өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз ете алатындай дәрежеге көтеру қажет.

Еуразиялық экономикалық одақтан не күтеміз ?

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ:2015 жылдан Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы күшіне енеді. Алайда оның пайдалы жақтарымен қоса тиімсіз тұстары да болуы мүмкін, мұны ескермесе болмайды және жасырмай үштік одақта айтылуы маңызды. Сондықтан оның тәжірибе жүзінде дәлелденбеген шикі жерлері көп дер едім. Бұл Ресейге Еуропа тарапынан қойылған экономикалық санкцияның да кері әсерімен байланысты, егер жағдай түзелмесе, оның салқыны бізді де айналып кетпесі анық.

ЖЕБЕ: Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруге де аз уақыт қалмаған сияқты, мүмкін Сіз айтқан жаңа ұлттық экономикамыздың қалыптасуына ықпал етер, қалай ойлайсыз?

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ: ДСҰ-ға кіргеннен Қазақстан экономикасында кереметтей үлкен жетістік болады деп ойламаймын. Өйткені осы өткен 20 жыл бойына халықаралық ұйымдардың айтқанымен жүрдік, солардың экономикалық жобаларын елге әкелдік, бірақ оң нәтижені көріп тұрсыз ба? ... Өз ұлттық экономикамызды дамытпай, ресурстарымызды тиімді пайдаланбай ДСҰ-ға мүше болғаннан пайда жоқ. Ең алдымен алпауыт ұйымда бізге арзан тауар алуға жол ашылса жақсы, әйтпесе керісінше шығынды болуы әбден ықтимал. Онсыз да үлесі басым импорт тіптен артып, экспорттың көлемі төмендей береді, ондай жағдайда. Жаһандану заманында экономикалық дамуды қайта қарап, өз пайдамызды ойлайтын кез жетті. Шетелден маман тарту, шеттің жобаларын іске асыру, олармен өзара экономикалық қарым-қатынастар орнату дұрыс шығар, алайда бірінші өз ұлттық қазығымызды қағып алу маңызды дер едім.  Керек десеңіз, біздің кемшілігіміз – халықаралық ұйымдарға тым арқа сүйеп кеткендігіміз... Біреуге сенген адам қашан өздігінен нан тауып, алдыға жылжушы еді...

ЖЕБЕ: Елімізде жасалатын экономикалық бағдарламалардың нәтижесі жайлы не айтасыз?

 Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ:   Бізде экономикамыздағы дамытуға бағытталған бағдарламадан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бірі аяқталмай жатып, екіншісі шығып жатады. Алайда ауыз толтырып айтар жетістік көрдім деп айта алмаймын, өз басым. Сондықтан ең болмаса осы уақытқа дейін қабылданған бағдарламаларды қайта қарап, қаншасы іске асты соны тексеру керек, ал жаңадан жобаларды шығаруды 5-6 жылға тоқтата тұру қажет. Осының бәріне ешқандай сараптама жасалмауы, ол мемлекеттік деңгейдегі шенеуніктердің жауапкершілігінің төмендігі деп білемін. Негізі шет елдің жобаларын іске асыруға ерекше ынталы үкімет басындағылар, олар өздерінің кәсіби білімдеріне сенімсіз ұлттық идеяны жасауға қауқарсыз мамандар. Ал, енді, анау рубль ортақ валюта болады деген сөздер қауесет ғана. Дегенмен, теңгені тұрақтандыру, нығайту үшін көп жұмыстар жүргізілмесе болмайды. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтың ақша-несие саясаты мен қаржы саласындағы жұмыстары дұрыс деп есептеймін. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі бас банк төрағаларының барлығы да ел экономикасындағы кемшіліктерді жасырып келді, ал, бүгінгі бас банкир шындықты ашып айтып отыр. Біздің қаржы саламызға осы уақытқа дейін жетпей келген мәселе де, осы шынайы көрсеткіштерді жариялаудың жоқтығы болды.Сондықтан ұлттық экономикалық модель ғана бізді тығырықтан алып шығады, оның ішіне түрлі мемлекеттік жобалармен қоса, әлеуметтік шараларды қоссақ та жеткілікті.

Сұхбаттасқан Шынар НИЯЗБЕКОВА 

1593 рет қаралды

Пікір жазу