20Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАҢА МЕШІТТЕРДІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Сейсенбі, 13 Қыркүйек 2016 15:55

 

Қасиетті Құрбан айт мерекесінде Түлкібас ауданы, Иірсу ауылында жаңа мешіт ашылып, ел игілігіне берілді. Тау бөктерінде орналасқан алақандай Иірсу ауылы тәуелсіздігіміздің арқасында қайта түлеп, ауылға жол, су тартылды, жаңа мешіт бой көтерді, ауылға адамдар қайта қоныстана бастады. Бүгінде 127 тұрғыны бар Иірсу ауылына ауыл азаматтары демеуші болып, «Дауылбай ата» мешітін салып берді. Мешіт 50-60 адамға лайықталып, айналасы абаттандырылып қоршалған. Мешіттің ашылуына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Б.Оспанов, аудан әкімі Ә.Тұрғымбеков қатысып, ауыл халқының қуанышымен бөлісті. Бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтаған тұрғындар осы мешітте әрдайым жақсы жаңалықтар орын алып, имандылықтың шуағын шашатын шарапатты шаралар жүргізілуін тіледі.

Сонымен бірге Отырар ауданы Көксарай ауылында жаңадан бой көтерген мешіттің ашылу салтанаты өтті. Мешіт «Садыр баба» есімін иеленген. Мешіттің ашылуына арнайы келген облыстың өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек өз сөзінде, мешіттің Алланың жердегі үйі екендігін айта келе, Құдай үйінің бос болмауын, бес уақыт азан шақырылып, жұртшылықты имандылыққа тәрбиелеу екендігін атап айтты. Және де мешіт айналасының көгалдандырып, абаттандырылуына да көңіл бөлуді жергілікті имамдарға тапсырып, мешітке Құран кәрім сыйлады. Сонан соң аудандық Мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов өз қаржысына мешіт салдырған жас кәсіпкер Жандос Қыдырбайұлы Байжановты әкесімен бірге ортаға шақырып, дүйім жұрттың алдында алғысын білдірді. Ауыл қарияларына шапан жабылып құрмет көрсетілген соң, облыстың өкіл имамы Ахметжан Пірәліұлы бастаған кісілер мешіттің ашылғанын жалпақ жұртқа жариялап, лентасын қиды. Жаңа мешіттің ішінде намаз оқылғаннан кейін, ұйымдастырушылар көпшілікті арнайы жайылған дастарханға шақырды. Құрбан айт қарсаңында ашылған мешіт баршаңызға құтты болсын!

333 рет қаралды

Пікір жазу