"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚАЗАҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТ ТЕАТРЫ ҚАЙ КҮНІ ЖӘНЕ ҚАНДАЙ ҚОЙЫЛЫММЕН АШЫЛДЫ?

Дүйсенбі, 13 Қаңтар 2014 05:39

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – осы күнгі Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры алғаш рет өз шымылдығын Қызылорда қаласында 1926 жылдың қаңтар айында ашты. Бұл – даусыз ақиқат. Алайда театр тарихына қатысты ресми мәліметтерде, баспасөз бетіндегі ақпараттарда ұйымның ашылған күні мен алғашқы сахналанған қойылымы туралы түрлі деректер кездеседі.

  

Театрдың ресми сайтындағы «Театр жайлы» деген айдарда М.Әуезов театры көркемдік жетекшісінің әдеби кеңесшісі Әлия Бөпежанова былай жазады: «Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры – тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық мекеме. 1925 ж. соңында сол кездегі астана Қызылордада ұйымдастырылды. Театр шымылдығы  ресми түрде 1926 ж. 10 қаңтарда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақинасымен» ашылды, 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылды». 
Осы тарихи оқиға туралы «Википедия» электрондық энциклопедиясында төмендегідей мәлімет ұсынылған:
«Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды»...
«М.О.Әуезов атындағы Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар достығы» орденді Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры – тұңғыш кәсіпқой ұлттық сахналық мекеме. 1925 жылдың ақырында қазіргі Қызылорда қаласында Ұлт театры болып ұйымдастырылды. Алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі Д.Әділов. М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясының 3-актісімен (С.Қожамқұловтың қоюы бойынша) және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен 1925 ж. желтоқсандағы өткен Қазақ өлкелік 5 партконференция кезінде тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды. 1926 ж. 31 қаңтарда болған Ұлт театрының ресми ашылуында Қ.Кемеңгеровтің “Алтын сақинасы” ойналды».
Яғни, театрдың ашылу күніне байланысты бірнеше мерзім айтылады. Олар: 1925 жылдың желтоқсан айы, 1926 жылдың 10, 13, 31 қаңтары. Сахнаға қойылған алғашқы пьеса деп бірде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», бірде Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» айтылады.
Осы орайда Алаш мұрасын архив құжаттарына, тарихи деректерге, бұлжымас дәйектерге сүйеніп жүйелі зерттеп жүрген белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы біз сөз еткен тақырыпты жіті қарағанын айтқымыз келеді. «Мемлекет театрының туған күні» атты зерттеуінде ғалым былай деп көрсетеді: «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы қаңтар айындағы бірнеше санының бірінші бетінде басылған хабарландыру тексі төмендегідей: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше» (Д.Қамзабекұлы. Руханият. Алматы, «Білім» баспасы, 1997, 207–208 бб.).
Театр ашылған уақытта Халық Ағарту комиссары (бүгінгіше Білім және ғылым министрі) болған қайраткер Смағұл Садуақасұлы театрдың ашылғанына байланысты бірнеше мақала жазғаны шындық. Олар «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Газеттің 1926 жылғы 24 қаңтарда шыққан «Алтын сақина ойыны туралы» атты мақаласында қайраткер былай деп көрсетеді: «Ғинуардың 13-і күні Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнады. Концерт бөлімінде ән салынып, күлдіргі тақпақтар айтылды. Сауық кеші ұлт театрының ашылуына арналды» (С.Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, «Алаш» баспасы, 2003,  270-б.).
Осы келтірілген тарихи дерек көздері Қазақтың Мемлекеттік ұлт театрының ашылған күні мен оның сахнасына қойылған алғашқы ресми ойыны туралы шындықты ашады. Біздің айтпағымыз: Қазақтың Мемлекеттік ұлт театры ел астанасы болған Қызылорда қаласында 1926 жылдың 13 қаңтарында Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен ашылды. Театрды ұйымдастырған Смағұл Садуақасұлы, театрдың тұңғыш директоры болған Дінше Әділұлы, оның ресми ашылуында ойналған алғашқы қойылым авторы Қошке Кемеңгерұлы қуғын-сүргінге ұшыраған соң, олардың есімдері көп уақыт театр тарихынан өшірілді. Кеңестік кезеңде жазылып қалған ескі дерек әлі күнге дейін жөнделмей келеді.
Біз бұл жерде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің театр өнерінің тарихындағы орнын еш төмендетпейміз. Қазақ театрының, қазақ драматургиясының қалыптасуына, дамып өркендеуіне Мұхтар Әуезов ұлы еңбек сіңірді. Біз тек шындықтың айтылғанын қалаймыз. Біле білсек, Мұхтар, Қошке, Смағұлдар – ниеттес, қаламдас, дос болған адамдар. Олар да ақиқаттың бұрмаланбағанын тілер еді деп білеміз. 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» кітабында М.Әуезов: «Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса… Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» еңбегін қарап өтсін дейміз»,- деп жазады (М.Әуезов. Әдебиет тарихы. Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991, 143-б.).
Қошке мен Мұхтар – жиырмасыншы жылдары Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында қатар оқыған Алаштың ардақты азаматтары. Олар – 1930 жылы бірге тұтқындалып, абақтының азабын бірге тартқан жандар. 1937 жылы репрессия құрбанына айналған Қошке Кемеңгерұлын шығармашылық тұрғыдан ақтау Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана мүмкін болды.
«Қазақ баспасөзінің қатесін көрсе, Еуропа әйелдері бала тастар еді. «Тілмаштағы» баспаның қатесін көріп, Қыр баласына қол қойдым»,- деп жазған еді Қошке Кемеңгерұлы. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, қазақтың баспасөзінде, қазақтың ұлттық тарихы туралы ресми мекемелердің сайтында қателер әлі де бар. Бізді осы жағдай қынжылтады.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымдарының кандидаты

Суреттерде:

Қошке Кемеңгерұлы (1896-1937)
1923 ж. Орынборда жарық көрген 4 перделі «Алтын сақина» драмасының мұқабасы
1926 ж. «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған хабарландыру

3139 рет қаралды

Пікір жазу