24Қыркүйек2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ СЕРИАЛ ТҮСІРІЛЕДІ

Сейсенбі, 04 Қараша 2014 18:25

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы сериал түсірілетін болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек  Мұхамедиұлы мәлімдеді.  Туынды 20 сериядан құралмақ. Ал, дайындық жұмыстары қазірдің өзінде  басталып кетсе керек.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте  министр: «Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Қазақ хандығы туралы 20 сериялы фильм түсірілетінін ерекше атап өткім келеді. Алдын ала дайындық жұмыстары басталды. Сериал 2015 жылдың қаңтарында түсіріле бастайды», -  деп мәлімдеген. Tengrinews.kz  сайтының  хабарлауына қарағанда  2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық  мерейтойын тойлау жөніндегі іс-шаралар жоспарына елдегі түрлі музейлер мен мұрағаттарда  Қазақ хандығы тарихын зерттеу туралы жобалар, бейнероликтер, ғылыми-көпшілік бағдарламалар мен деректі фильмдер жасау кіретін көрінеді. Сондай-ақ,  халықаралық конференциялар өткізіліп, экспедициялар ұйымдастырылмақ екен.  «Еліміз бойынша барлығы 100 шара өтеді. "Керей мен Жәнібек" және "Мәңгілік Ел" атты екі спектакльдің сценарийі жазылып жатыр. Шаралар бүкіл республиканы қамтитын болады. Қазіргі уақытта іс-шаралар жоспарына сәйкес, республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттерден де қаражат қарастырылды, өзге қаражат көздерінен де қаржы тартылады. Бұл шаралардың шығыны  көп  болмайтынын айтқым келеді. Негізінен, олар тарихи және идеологиялық бағыттағы шаралар болады. Бір ғана бұқаралық шара өтеді - қорытынды шара: қыркүйек айында Шу мен Талас бойында сахналандырылған қойылым болады, қалған шаралар ғылыми бағытта. Әрине, Қазақ хандығы туралы сериалдың түсіріліміне қаржы жұмсалады. Қазір бюджет нақтыланып жатыр, сценарий түпкілікті дайын болған кезде оның бюджеті де белгілі болады», - деп мәлімдеген Арыстанбек  Мұхамедиұлы. Дегенмен,  министр сериалдың сценарийін  жазу үшін кімдердің  тартылғанын,  актерлер құрамының қандай  болатындығын нақтылап айтпады. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де талқылана бастады.  Мәселен, тележурналист  Арман Сқабылұлы   facebook  әлеуметтік  желісінде: «Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін ақжолтай хабар айтып, бар қазақты бір қуантып тастады. Келесі жылы елімізде қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтіліп, соған орай киногерлер 20 серия тарихи фильм түсірмек. Сөз жоқ, керемет жаңалық. Киноэпопеяда қазақ деген халықтың хандары мен билерін, жанкешті батырларын "дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей" деңгейде сомдап жатсақ қанеки! "Аузы күйген үрлеп ішеді ". Түсірілімi қаңтарда басталатын тарихи дүниені кімдер түсіреді деген сауалдың әркімнің көкейінде болуы мұндайда заңдылық. Министр мырза осы сауалға да жауап бергені жөн болар еді. Қазақ хандығының тарихын зерттеушілер сценарий жазуға тартылды ма? Тым болмағанда кеңесші кейпінде жүрген тарихшы бар ма? Фильмді түсіретін режиссерлердің қазақ тарихынан хабары бар ма? Әлде, алыс, жақын шетелдерден Жәнібек пен Керей түгілі кешегі Кенесарыны білмейтін біреулер шақырыла ма? Бұл эпопея- біздің елдігімiзге сын! «Мемлекеті болмаған» дегендерге жауап! Ендеше жоғарыдағы сауалдарға жауап болуы тиіс»,- деп атап өткен.

Расында да, әзірге  сериалдың  сценариін жазатын мамандар туралы ақпарат жоқ. Тіпті,  тарихи сериалдың түсірілуі кезінде режиссерлерге кеңесші  болуы мүмкін тарихшылар туралы да ештеңе  белгісіз. Тек,  сериалдың қаңтар айынан бастап түсіріле бастайтындығы  таң қалдырып отыр біраз жұртты.  Дегенмен, жағымды жаңалыққа қуанған азаматтардың қарасы басым.  Алайда,   мол қаржыға түсірілген «Көшпенділер»  фильмінен соң  бұқараның тарихи  тақырыптағы кино туындыларға келгенде сансыз сауалға жауап іздейтіні жасырын емес. Өйткені, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сериал  тарихи сананы  жаңғыртуға қызмет қылуы  тиіс.

Амангелді  ҚҰРМЕТҰЛЫ

 

9267 рет қаралды

1 пікір

  • Азат9696 Азат9696 Дүйсенбі, 10 Қараша 2014 07:11

    Фильмді қандай актерлар сомдайды? Кастинг бола ма?

Пікір жазу